Қазақстанның жас ғалымдары” жобасының демеушісі – “Kcell“. “Кселл” АҚ – ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания.

«Математика – жастардың ғылымы»

Сіз Қазақстандағы ғылыми зерттеумен айналысатын белді институттың басшысысыз. Әңгімемізді институттың тұрмыс-тіршілігінен бастасақ…

Математика және математикалық модельдеу институты — бүкіл Қазақстандағы математиктерді біріктіретін бірден-бір ғылыми орта. Барлық филиалдарды есептегенде штатта 195 адам жұмыс істейді. Оның 150 шақтысы Алматыда, қалғаны Шымкент, Қарағанды, Түркістан, Тараз, Астана қалаларында. Біз бүкіл математиктердің ұжымы сияқтымыз. Олардың ғылымын тыңдап, әлемде қандай ғылыми жаңалықтар ашылып, қандай мәселелер шешіліп жатқанын – барлығын институтта айтып отырамыз. Кез келген ғылымға бүкіл жер жүзінде не болып жатқанын біліп отыратын, бәрінің бағдарламасын қарап, бекітіп отыратын ұжым керек. Біздің институт – сондай ұжым.

Тынысбек Кәлменов, академик
Тынысбек Кәлменов, академик. ©Baribar.kz

Математика – жастардың ғылымы. Өйткені гуманитарлық ғылымдарда жалпылама анализ жасау болса, математика тереңге баратын ғылым. Тереңде жатқан нәрсені жіңішке қылып қазу керек. Жалпы қазғаннан ештеңе шықпайды. Себебі, үлкен проблемалар тереңде жатады. Ал терең ойлайтын, тез ойлайтын қабілет жастарға тән. Сондықтан, математикада жастар ертерек шығады да, ертерек үлкен нәтижелерге қол жеткізеді.

Неге математика ғылымы бәрінен алда тұр? Өйткені, математика өзінікімен қатар бүкіл ғылымның проблемаларын шешеді. Басқа ғылымдардың мәселесі математикалық модельдеу арқылы шешіледі. Егер де ғылымда математикалық модельдеу болмаса, ол ғылымның дәрежесі әлі төмен. Олар әлі тәжірибелік нұсқада жүр, әлі өсіп жатыр деген сөз.

Сосын, математика тек қана Қазақстандыкі емес, бүкіл әлемдікі. Ол қазақтың математикасы, орыстың математикасы деп бөлінбейді. Мектептер бөлінеді, — ғылым бөлінбейді. Осы жерде ашылған жаңалық Америкада да жаңалық болады. Барлық жерде бірдей танылады, я танылмайды. Сондықтан, біздің ең бірінші мақсатымыз  — әлемдік дәрежедегі жаңалықтарды ашып, мәселелерді шешу, әлемдік дәрежедегі мектеп құру. Мысалы, дамыған отыз елдің, елу елдің қатарына кіреміз деп жүрміз ғой. Біз өзіміз айналысып жүрген ғылымда алдыңғы қатарлы отыздыққа кіруді жоспарлап отырмыз. Ары қарай жиырмалыққа, ондыққа кіреміз. Ол ғалымдардың санына байланысты емес, сапасына, мықтылығына байланысты. Мысалы, Швеция деген кіп-кішкентай ел, бірақ әлемдік математикада үлкен орын алады. Өйткені оларда ғылыми мектеп қалыптасқан. Ал, Үндістан қандай үлкен ел? Бірақ, математикада алатын орны төмен. Қытайда да сондай. Сондықтан, бізге талантты жастарды жинап, солардың потенциалын ашу керек. Сонда біз де үлкен нәтижелерге қол жеткіземіз.

«Қазақстанда кәсіби математика болған жоқ»

Құдайға шүкір, Қазақстанда математика жақсы дамып келеді. Неге? Өйткені, біздегі мектеп Кеңес одағының кезінде қалыптасты. Оған дейін Қазақстанда математика болған жоқ, шынын айту керек. Елдер анау дейді, мынау дейді, бірақ кәсіби математика, кәсіби ғылым болған емес. Біздің жастар Кеңес одағының арқасында Мәскеу мемлекеттік университеті сынды үлкен мектептерден өтті. Ол университет 19 ғасырдың 60-90 жылдары – отыз жыл бойы математиканың әлемдік орталығы болды. Әлемде шығып жатқан бағдарламалардың бәрі осы университеттің алдында есеп беретін. Біз сондай мектепте оқып, қалыптастық. Бұндай мектеп кейін Новосібірде ашылды. Соның үлкен пайдасы тиді. Осындай әлемдік дәрежедегі институттарда тәрбиеленіп келген математиктер Қазақстандағы математика ғылымының қазіргі дәрежесін ұстап тұр.

Бірақ олар қартайып бара жатыр. Соларды алмастыратын жастар керек. Бұрынғы Кеңес одағы кезінде қалай үнемі үшінші орын алып жүрсек, сол дәрежеге қайтадан қол жеткізіп, қалпына келтіргіміз, ары қарай дамытқымыз келеді. Ол енді жастарға, біз оларды қалай тауып, тәрбиелейміз – соған байланысты. Оған мүмкіндік бар. Президенттің «Болашақ» деген бағдарламасы керемет. Талантты балаларды сол арқылы шетелге жіберіп отырамыз. Оларды тәрбиелеуге өзімізде де мүмкіндіктер бар, алайда, шетелде болып жатқан үлкен бағдарламалармен, ғалымдармен, мектептермен танысу дәрежемізді өсіріп, танымымызды кеңейтеді. Ғылым ешқашан оқшауланбауы керек. Олай болса, артта қалып қояды. Сондықтан, мақсатымыз – жастарды шетелде көбірек оқыту, оқыған жастарды қайтарып алу, таланттыларын ғылымға алып келу.

Ғылымның бірінші мақсаты – проблемаларды шешу, әлемдік дәрежеге көріну. Ғалымдарға керегі ақша емес, оларға бірінші керегі – танымалдылық. Ақшаны ойлаған адам ғылымда еш уақытта үлкен нәтижеге жетпейді, жолда қалып қояды. Ал жолда қалған адамға ештеңе жоқ. Аяғына дейін бармасаң, ол ғылым емес, ғылымды тастап кету, алдап кету деген сөз.

«Қазақтардың математикаға генетикалық қабілеттілігі бар»

Әлемдік дәрежедегі мәселені шешіп, әлемге танылу – бірінші мақсат. Соған дарынды жастарды қолымыздан келгенше тәрбиелеп жатырмыз. Құдайға шүкір, қазақтардың математикаға қабілеті, ықыласы бар. Бұл генге де байланысты болуы керек. Өйткені, қазақтар – шыдамды халықпыз. Үлкен проблеманы шешу үшін шыдам керек. Ал, олардың бәрі қазір жердің түбінде жатыр. Ол үлкен шыдамдылықты, үлкен еңбекті қажет етеді. Жалпы, үлкен мәселелердің бәрін шыдамды халықтар шешеді. Себебі, Жердің бетінде жатқан жаңалықтардың бәрі ашылған.

Сондықтан бізде математикаға генетикалық қабілеттілік бар. Енді соларды ғылымға қызықтыру, жігерлендіру – екінші мәселелер. Талантты адамға ғылымнан артық ештеңенің керегі жоқ. Күндіз-түні соны ойлайды. Ондай адамдарды құдайдың өзі асырап отыр. Құдай бұйыртып, пәтер де алып қалды, материалдық жағдайлары өзімен-өзі шешіліп жатыр. Мысалы, Мұхтарбек Өтелбаевтың да, Асқар Жұмаділдаевтың да жағдайлары жаман емес. Асқар КБТУ, СДУ-да профессор. Мұхтарбек жобалары арқылы табады. Құдайдың өзі несібесін бөліп қойған. Ол әр кезде солай. Бірақ сол таланттыларға жас кезінде аяғына тік тұруына, пәтер алуына, ең бастысы нағыз ғылымға кіруіне көмектесу керек. Талантты адам ғылымға бір кірсе, шықпай қояды. Ондайлар бізде бар. Біреулер «Жастар оқымай кетті» дейді, оның бәрі бос сөз. Неге? Өйткені, бар. Мен көріп жүрмін. Енді солардың ілуде біреуін ғылымда қалдыру керек. Кейде жастар ақшасы көп деп, ақпараттық технологияларға, жұмысы оңай деп тағы бір жерлерге кетіп қалады. Нағыз ғылымның оңай жері болмайды.

«Бізде әлемдік дәрежеде танымал жастар бар»

Біздің институтта Дурвудхан Сұраған деген жігіт бар. Жастардың ішінде танымал, әлемге әйгілі болып келеді. Бізде академиктер көп, бірақ Дурвудхан сияқты әлемге әйгілі дәрежеде болу – өте сирек кездесетін нәрсе. Оған не себеп? Исаак Ньютонның бүкіләлемдік тартылыс заңын барлығы біледі. Бірақ оның шектік шарттарын ешкім білмеген. Соны Дурвудхан тауып, спектрлі теориясын жасады. Өте үлкен жаңалық ашты. Әлемдік проблеманы шешті. Оны жер жүзі біледі. Өйткені, жер жүзі Исаак Ньютонды қалай білсе, оның потенциалды теориясын да біледі. Ол теорияны білгендер спектрлі теорияны да біледі. Сөйтіп барлық жерде танымал болды. Біз оны магистратура оқуы үшін Америкаға жібердік. Неге? Себебі, Американың мектебін көріп келсін дедік. Екінші рет Англияға жібердік. Ол жақта пост-докторлықты қорғап шықты. Қазір Дурвудхан Сұрағанды осы математика саласындағы ғалымдардың көбі таниды. Ешкім жасына қарап отырған жоқ. Жасы жиырма тоғызда ғана.

Сондай Дұрвудхан сияқты жастар бар. Олар да жан-жақта: Америкада, Англияда, басқа да елдерде жүр. Барлығы еңбектеніп жатыр. Олардан үлкен нәтиже көріп отырмыз. Мысалы, Жер жүзінде Heidelberg Taureate Forum Foundation деген грант бар. Дурвудхан соны 2014 жылы алса, 2016 жылы Нұрғиса Есіркегенов алды. Ол қазір Англияда PhD докторлығын оқып жүр. Басқа да жастар бар. Біз әлі де жібереміз. Өзіміздікі ешқайда қашпайды. Әлемдік дәрежені меңгеруіміз керек. Солармен теңесуіміз керек. Әйтпесе, әркім өзінікін істеп, басқаныкін елемесе, оқшауланып қалады. Бізде әлемдік дәрежеде өзін көрсететін, оларды жеңетін, мойындататын жастар бар. Қаржыландыру жағы тұрақты болып, оларға отбасын, өздерін асырайтындай минималды қолдау көрсетіліп тұрса, алдағы бес-алты жылда біздің институтта Кеңес одағы кезіндегідей үлкен бір мектеп құрылады, математиканың үлкен ғылыми ортасы болады. Мен соған сенемін. Оған мүмкіндік бар.

Жастар керек деп айтып отырғанымның тағы бір себебі бар. Қайта құру кезінде ғылымдағы жастардың бәрі кетіп қалды да, тек кәрілеу адамдар ғана қалды. Олар қазір зейнеткерлер. Сосын қазіргі жастар бар. Екі ортада отыз жылдық үзіліс қалды. Осы отыз жылдың орнын толтыруымыз керек. Толтырсақ, математика үлкен дәрежеде дамиды деп отырмыз.

Құдайға шүкір, біздің математиктерімізді осы саладағы әлемдік ғалымдар таниды, мойындайды. Әртүрлі үлкен конференциялар мен жиындарға шақырады, еңбектері рейтингі жоғары журналдарда жарияланып жатыр. Мысалы, PhD докторы болғанда Scopus журналына міндетті түрде бір мақала шығару керек. Бірақ ол кішкене әлсіздеу журнал. Біздің математиктер дәрежесі жоғарылау Thomson Reuters журналына шығарады. Оны көбі дұрыс емес дейді. Ғылым тек Қазақстанда ғана болса, басқа кімге керек? Не деп дәлелдейміз? Әлемдік дәрежеде болмаған ғылым – ғылым емес. Қазақстанда ғана қалған ғылымының ешкімге керегі жоқ.

«Мектептердің жауапкершілігін күшейту керек»

«Математика – жастардың ғылымы» деп отырсыз. Бірақ жастардың ғылымға қызығушылығы мектеп кезінен қалыптасады. Қазіргі мектептердің шәкірт тәрбиелеудегі, білім берудегі рөліне қандай баға бересіз? Көңіліңіз тола ма?

Біздің кезімізде білмейтін баланы қашан білгенше бір сыныпта қалдыра беретін. Бес рет өте алмаса, мектептен шығарып жіберетін. Сонда балалар оқитын. Кейін америкалық тәсілге көштік те, ешкімнің көңілін қалдырмай, бәрін өткізіп, мектептің дәрежесін кішкене әлсіретіп алдық. Жаман болсын, жақсы болсын сол кеңестік әдіснама керек. Оның қайтарымы болды.

Қазіргі мектептердің жауапкершілігін күшейтуіміз керек. Бала бір сыныпта қалып қойса, бәрі шулайды. Үлгере алмаса, не болыпты? Пушкин де үлгере алмаған. Есесіне ақын болды. Сол сияқты басқа жағынан үлгереді.

Бірақ Қазақстанда дарынды балалар бар. Бүгінде мектептердің дәрежесі олимпиада жеңімпаздарымен есептеледі. Ол жағынан Қазақстанның жағдайы жақсы. Жалпы алғанда ондықтың, жиырмалықтың ішіне кіреді. Демек, осы елдің атын шығаратын мектептер, ұстаздар, оқушылар бар. Алайда жалпы жауапкершілік пен талап қаталырақ болуы керек. Балада ерік болсын, әрине. Дегенмен, білмейтін баланы ары қарай тартудың қажеті жоқ. Өйткені бекерге сапаны төмендетіп аламыз.

Менің ойымша, мектептегі дәреже жақсы да, бітіргеннен кейін оларды ғылымда алып қалу жағы әлсіз. Талантты балалар ғылымға келмей қалады. Неге? Бәлкім, ата-анасының әсері болатын шығар? Талантты балаларға әке-шешесі «Сенің орның ғылым – талантың бар. Сенен ақша сұрамайық. Осы ғылымның түбіне жет»,- десе, бала ойланады, талпынады. Кеңес кезіндегі ата-аналар сондай еді. Ешкім бізге «ақша тап» демейтін, «жақсы маман бол» дейтін. Содан ба екен, жастар ғылымға көп келетін еді. Бірақ Кеңес одағында ғалымдар жақсы тұрды. Мысалы, РайКомның бірінші хатшысы 250 сом, профессорлар 500 сом, академиктер 1000 сом алатын. Оның өзі стимул болды. Өйткені материалдық жағынан да, моральдық жағынан да ғылым жоғарыда тұрды. Қазір ондай дәреже жоқ. Біздегі көп жастар оңай келетін ақшаға қызығады. Бірақ түбінде ондай болмайды. Түбінде ақша табу үшін көп еңбек керек болады. Әзірге көбінің ғылымға жолағысы жоқ. Тек «ғылымнан басқаға бармаймын» дейтін Дурвудхан сияқты «фанатиктер» ғана болады. Оны банкке, Англияда пост-докторлықты бітіргенде Манчестер университетіне профессорлыққа шақырды. Қайтып келді. Біріншіден, елге көмектесейін деді. Екіншіден, «Болашақпен» оқыған соң, бәрібір қайтып келуі керек еді. Математиктеріміздің деңгейі ағылшындардан кем емес. Олар соны біледі. Бізде ғылыми жағдай бәрімен бірдей ,тек материалдық жағы төмендеу.

«Заңсыз алынған атақ-дәреже қайтарылуы керек»

«Ғасыр басындағы ғылыми еңбектер, естеліктер, толғаныстар» деген кітабыңызда «Ғылым – киелі құндылық. Онда ұрлық жүрмейді. Кез келген заңсыз алынған атақ-дәреже қайтадан қайтарылуы керек» деп жазасыз…

Мен әлі де сол ойымдамын…

Қазір ел ішінде «Ғылыми атақ-дәреже сатылады» деген сыбыс бар.  Осы қаншалықты рас? Жастардың ғылымға келмеуінің де басты себебі сонда сияқты…

Шынын айту керек, 90-жылдардың аяғы, 21 ғасырдың басында көптеген ғылымдарда тәртіп болмай кетті. Экономика ғылымдарынан жыл сайын 50-60 ғылым докторы шықты. Оның бәрі қайдан шығып жатыр? Кеңес одағы кезінде 1-2 ғана доктор болатын. Медицинадан 70-80 ғылым докторы шықты. Бұл ғылымға деген жауапкершілікті азайтып жіберді. Солардың есебінен ғылымның қадірі кете бастады.

Бұл мәселе 2010 жылдың көктемінде «Нұр Отан» партиясының фракциясында қаралды. Сонда бәрі бұл жағдайларға министрлікті, академияны кінәлады. Бұл жерде министрлік кінәлі емес. Оның бәрі ғылыми басшыларға, үлкен ғалымдарға байланысты. Олар «қой, болмайды» десе, болмайды. Мысалы, біз математикада ешкімді жіберген жоқпыз. Бірақ сондай атақ-дәрежені сататындардың есебінен әжептәуір тұрған математика, физика сияқты ғылымдар жапа шекті. Ал қоғамдық ғылымдар құтырып кетті. Адамда ғылыми ар болмаған кезде, бәрі бола береді. Оны қалыпқа келтіру керек.

Қалай?

PhD диссертациясына қойылатын талапты күшейту керек. Әлемдік журналдарда мақалалары шықсын, әлем танысын. Сонда ғана жіберу керек. Қазір жариялануы тиіс мақалалардың тізімін азайтамыз деп жатыр. Азайтса, бұрынғы жағдай қайталана ма деп қорқамын. Біз математикадағы талаптарды ұстап тұрмыз. Математиканың бір жақсы жері – бізде Мәскеу, Новосібір институттарын бітіріп келген, үлкен мектептен өткен, бұзылмайтын, сызылмайтын адамдар бар. Ал басқаларының бәрінде майда-шүйде жерлерден өткен, үлкен ғылымды көрмеген адамдар.

Тағы бір нәрсе, заңсыз түрде атақ-дәреже алғандардан бәрін тартып алса, ғылым бірден ретке келеді. Мен оны талай айттым. Егер маған билік берсе, бір айдың ішінде тазалап шығамын. Комиссия құрамын. Кімнің қалай алғанын білеміз ғой, шақырып алып, қайта қорғауын талап етеміз. Білмейтін адам бірден көрінеді. Ондайлардан атағын қайтару керек. Көбі шақырғанда өздері-ақ арыз жазып кете берер еді (күліп).

Қасиетті нәрсені ұрлауға болмайды. Ақшаның қасиеті жоқ. Ғылым – қасиетті. Сондықтан, бұл жерде қатал жазалау шаралары керек. Әйтпесе, тәртіп болмайды. Гитлер қалай тәртіпке келтірген? Трамвайға билетсіз мінгендерді бір күнде аттырып тастаған. Содан бәрі билет алатын болған. Он шақты адам өлді, есесіне ел іші тәртіпке келді. Сол сияқты, лайық еместердің атағын қайтарып алудан ештеңе жоғалтпаймыз. Мен осыны құптаймын.

Олай дейтінім, біздің үлкен ғалымдарға көмектесуіміз керек. Неге? Өйткені үлкен ғалымдар қорғансыз болады: тек қана ғылымын ойлап жүреді, басқасын ойламайды. Алаяқтар болса, жолын тауып алады. Олар ғылымда аздау процент болуы керек. Бар болса да, 5 проценттен аспауы керек. Оны 30-40%-ке жеткізбеу керек. Асып кетсе, бой бермей қояды. Бастық болып алады да, «қырып» тастайды.

Ғылым шындықты іздеуден тұрады. Ал, бизнестің мақсаты – қызығушылық. Екеуін шатастыруға болмайды. Қызығушылық басқа, шындық басқа нәрсе. Қызығушылықта бәрін сатып жібере аласың, себебі өзіңдікі. Ал, ғылым – қасиетті нәрсе.

«Димаш Құдайбергенді Қытай мойындатты»

Ғылымды көпшілікке насихаттау жұмыстарына көңіліңіз тола ма? Мысалы, өзіңіз айтып отырған Дурвудхан Сұрағанның сондай дәрежелерге жетіп жатқанын көпшілік біле бермейді…

Иә, көпшілік білмейді. Біздегі үгіт-насихат Ресейдегі сияқты. Ресей үгіт-насихат жасауды мүлдем тоқтатты. Неге? Өйткені, елдің принципі баю болып, бәрі соған айналып кетті. Ғылым-білім туралы бағдарламалар азайды. Бірақ, Дурвудхан сияқтылар да аз. Егер сондай жастар көбейіп жатса, үгіт те көбейер ме еді?! Дегенмен, сол аздың еңбегін де насихаттау дұрыс жүріп жатқан жоқ. Біразы «қойшы соларды, олардан мен ақшаны көп табамын»,- дейді. Ақшаны ғалымнан көп табатыны – біздің қоғамның әлсіздігі. Бізде әлі де заң дұрыс істемейді, тәртіп жоқ. Тәртіп, заң бар жерде әркім өзінің үлесінен артық ақша ала алмайды. Сол кезде баяғы академиктердің көрінгені сияқты Дурвудхандар көрінеді. Әйтпесе, ақшаның күші басым болып тұрғанда, ғалымдар назардан тыс қалады. Өйткені, бірінші орында ақша тұрған соң, ғылым көлеңкеде қалып қояды. Егер ғылым, мәдениет, өнер бірінші орынға шықса, олар міндетті түре насихатталады. Біздің Димаш Құдайбергенді ел қалай таныды? Оны елімізде ешкім мойындаған жоқ. Өйткені ақшасы болған жоқ. Оны Қытай мойындатты. Сол сияқты болады.

Мен көп елдерде болдым. Қырғызстан, Грузия елдерінде талант пен ақшаны салыстырғанда, талантты бірінші орынға қояды. Қырғыздардың киносын Шыңғыс Айтматов басқарған жиырма жыл ішінде олар бізді басып озды. Себебі, басында таза адам тұрды, таза кино болды. Қазір де солай. Бізде олай емес. Ақша бөлінсе, бөліп алып қояды да, талант далада қалады.

Бізде идеология ретке келмей жатыр. Ол идеологияны істейтін адамдардың әлсіздігі. Бірақ бәрі ретке келетін күн туады. Бір ретке түсіп алса, біздің жақсы жеріміз де көп. Мысалы, PhD докторлардың, магистранттардың басқа елге барып оқуы Кеңес құрамында болған басқа елдерде жоқ. Тек бізде бар. Бәрі таң қалады. Ол біздің жетістігіміз. Соны жақсы пайдалануымыз керек. Талантты жастарды жіберіп, оқытып, қайтадан ғылымға алып келу керек. Ең қиыны сол. Оған кететін ақша да көп емес. Бірақ сол ақшаны шет елдердегі сияқты ғалымның өзіне беру керек. Бізде қалай? Біз оны министрлікке береміз, олар ұйымдарға береді, сөйтіп орта жолдан кетіп қалады. Егер бірден ғалымға берсек, ақшаға өзі жауап береді. Үлкен ғалымдар ақша жемейді. Олар үшін абырой ақшадан жоғары. Сондай жүйе керек.

Бізде ғылымға кетіп жатқан ақша көп емес. Бүкіл Қазақстанның ғылымына кетіп жатқан ақша Алматының бір жол айырығын салатын сомаға жетпейді. Соның өзі талан-таражға түсіп, керек жеріне жетпей қалады.

Тынысбек Кәлменов, академик
Тынысбек Кәлменов, академик. ©Baribar.kz

Сосын біз ғалымның саны, әр адамға шаққандағы ғылыми мақалалардың саны бойынша жаһандық индекстен қалып барамыз. Президент те бұл мәселені біледі. Бірақ оған барлық майда-шүйдеге араласу қиын. Соны басқарып отыратын адамдар президентке неден алда, неден артта екенімізді ашып айтып, оны түзету үшін жоспар құруға тиіс. Ғылымда болсын, басқа салада болсын, шындықты айтудан қорықпайтын адамдар керек. Елді ұстайтын солар.

«Кәлменов айтты деңдер»

Насихат жағын сұрап отырған себебім, 2014 жылы Мұхтарбай Өтелбаевтың әлемге әйгілі теңдеуді шешкені баспасөз беттерінде жарыса жазылды да, үнсіз қалды…

Ол есептің бір жерінен қате шығып қалды. Қайтадан қарап жатырмыз. Бірақ мен айтайын: ол шығатын нәрсе. Шығарамыз. Мен оған кепіл боламын. Ол құдай қаласа, биыл шығады. Өтелбаев шығара ма, басқа ма, әйтеуір біреуіміз шығарамыз. Өйткені оған бәріміз жұмылып жатырмыз. Абырой тек Өтелбаевқа емес, бүкіл қазақтың математикасына келеді. Бұл біздің бүкіл әлемнің математикасының алдындағы борышымыз. Ол шығады. Кім айтты десе, Кәлменов айтты деңдер (күліп).

Мақтанып айтатын шәкірттеріңіз кімдер?

Құдайға шүкір, шәкірттерім көп. Менде Махмұт Сәдібеков деген үлкен ғалым бар. Ол отыз жасында доктор ғалымы болды. Жиырма алты жасында проблема шығарып, кандидаттығын қорғады. Оның істемеген жері жоқ. Саудада да істеді, фирмада да болды – бәрін көрді. Бірақ ғылымға қайтып келді. Өйткені өте таза адам саудада істей алмайды. Ол тазалықпен істеймін деді де, ештеңе ұта алмады.

Енді бір қызығын айтайын: ол бір кездері математикадан кетіп қалды. Менің оқушым ғой, Өтелбаев бәріміз кездесіп дастархандас боламыз. Сондай кездері Өтелбаев бата береді. Беретін бір ғана батасы бар еді: «Махмұттың бизнесі құлап қалсын, әумин!»,- деп кетіп қалатын (күліп). Сөйтіп 2011 жылы Махмұттың бизнесі құлап, ғылымға қайтып келді. Қазір «қырып» жатыр. Дурвудханды бір жағынан дайындап жатқан да сол Махмұт. Ол өте ұқыпты, талантты адам.

Мен оларға тек жол көрсетемін. Әлемдік проблемалармен таныстырамын. Ары қарай өздері алып кетеді. Біреулер «бұны ғалым қылып мен шығардым» деп жатады ғой, оның бәрі бос сөз. Ғалым өзі шығады, тақырыбын өзі таңдайды, өзі шығарады.

«Қазақстанда атқылап жатқан байлық жоқ, бізге ғылым керек»

Қазақ ғылымның болашағын қалай елестетесіз?

Қазақ ғылымының болашағы бар. Өйткені, біздің ұлт – шыншыл халық. Шыншылдық бар жерде ғылым қатар жүреді. Тіпті, Сарыағашқа барғанда такси жүргізушілері «мына проблеманы шығардым» деп айтып отырады. Демек, қызығушылық бар деген сөз. Сол үшін газет беттерінде шешілмеген әлемдік, аймақтық проблемаларды көрсетіп, жазып отыру керек. Насихатты содан бастаған дұрыс.

Сосын ғылымдардың ішіндегі маңыздысын қарап, қай бағыт арқылы әлемге шығамыз, қайсын меңгеріп кете аламыз, солардың қаражатын көбейтсе дұрыс болар еді. Ал, жоқ нәрсені қайтадан дайындау керек. Ресейде қалай істеді? Олар осыдан үш жүз жылдай уақыт бұрын Леонард Эйлер деген математикті Швейцариядан Санк-Петербургке шақыртып алды.  Бізге де солай шақырту керек. Шақырғанда да, бір-екі айға ғана емес, бір мектепті тәрбиелеп шығатындай қылып, ұзақ мерзімге шақыру керек. Қазіргі бір-екі лекцияға шақырғанымыз түк емес. Ол құмға себілген су сияқты.

Біз баймыз деп есептейміз, бірақ арабтардай емес. Арабтарда таза мұнай өзінен-өзі атқылап жатыр. Халыққа еліміздегі табиғи байлықтарды өңдеуді үйрену керек. Мысалы, жеріміз көп, бірақ шөл. Оған қазақ «шықса шықты, шықпаса қойды» деп бидай егеді. Мүмкін, ол жерге өсетін, табысы да мол болатын басқа нәрсе бар шығар? Соны да ойлануымыз керек.

Ғылымда болашақ бар. Осы туралы бағдарлама құрап, журналистер де қай сала ақсап жатқынын жазып, көрсетуі керек.

Қазақстанда жерден атылып жатқан алтын жоқ, бізге міндетті түрде ғылым керек. Әйтпесе, қалып қоямыз.

Әңгімеңізге рахмет!