Елбасының бiрқатар заң шығару функциясы алынып тасталмақ

«Конституциялық заң жобасы Президенттің заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген. Ол жеке конституциялық заңдарды Конституциядағы түзетулерге сәйкес келтіруге бағытталған. Өзгертулер 8 Конституциялық заңға енгізіледі. Атап айтсақ, «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесi туралы», «Республикалық реферндум туралы», «Үкiмет туралы», «Президент туралы», «Конституциялық Кеңес туралы», «Тұңғыш Президент — Елбасы туралы, «Сот жүйесi мен судьялардың мәртебесi туралы» заңдар», — дейдi Бекетаев.

Министрдiң айтуынша, «Президент туралы» Конституциялық заңда Президенттің өкілеттіктері конституциялық түзетулерге сәйкес келтіріледі. Атап айтқанда, Президент Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр енгізген ұсыныс негізінде Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды.

Сонымен қатар, Парламент депутаттары Конституцияда бекітілген тәртіппен Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы өтініш жасаған жағдайда, Президент оны қызметінен босатады. «Президент туралы» Конституциялық заңнан Президенттің келесі заң шығару функциялары алынып тасталады: заңдық күші бар Жарлықтарды шығару, заң жобасын шұғыл деп жариялау, Үкiметке заң жобасын Мәжiлiске енгiзудi тапсыру және Үкімет актілерінің күшін жою.

ДереккөзBaq.kz