Не болды?
Сұлтан Сәрсемәлиевтің сотында қайтыс болғандардың туыстары бірнеше ай хат алмасқан адамның мүлдем басқа жан екенін қалай түсінгендерін айтып берді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
«Ақ Жайық» басылымының мәліметіне қарағанда, марқұм Мақсот Қарабаллиннің немере қарындасы Паризат Кенжеғалиева былтыр 12 қарашада ағасының мал-мүлкі сатылып жатқанын естіп, үйіне барған. Ол малды тиеп жатқан адамдарды көріп, «сатқызбаймын» деп қарсы болған. Паризат Кенжеғалиеваның айтуынша, сол кезде марқұм інісі Наурыз Мұқанғалиевтің WhatsApp арқылы мал сатып жатқанын білген. Алайда малды Сәрсемалиев сатып жатқанын білмеген. Куәгер үй иелері жоқ кезде мүліктің сатылуына үзілді-кесілді қарсы болған. Кейін ол Наурызға бейнебайланыс арқылы бірнеше рет қоңырау шалып, жауап ала алмаған.
Қайтыс болған отбасы ешқандай қарызсыз, өз қаражатына күн көріп келген. Өлген адамды тірілтіп отыр ғой! Не жазығы бар еді олардың? Көтер басыңды! — деді Паризат Кенжеғалиева.
Мақсот Қарабалиннің немере інісі Шалқар Мұқанғалиев туыстары жоғалып кеткеннен кейін Наурыз Мұқанғалиевпен бірнеше рет байланысуға тырысқанын айтты. Хабарламаның біріне «бір проблемалар болып жатыр» деген жауап келген. Кейін Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиева ресми түрде жоғалған азаматтар тізіміне енген. Шалқар жағдайды түсіну үшін Наурызға WhatsApp арқылы қайтадан жазып, жауап ала алмаған. Куәгердің айтуынша, уақыт өте келе хабарламалардан күдіктене бастаған.
Наурыз әдетте қате жазатын еді. Ал бұл жерде хат жазу стилі мүлдем басқаша болды. Сен (Сұлтан Сәрсемәлиев) өз әке-шешеңе, бес балаңа, Ақбаянның туыстарына, бізге үлкен өкініш қалдырып кеттің. Бір адамның өзін қорғау үшін сегіз рет пышақ қолдандым деуі ақылға қонымсыз. Бір рет пышақ сұққан адам қан көрсе шошиды, ал мұнда жүрегі тас болып кеткен, — дейді Шалқар Мұқанғалиев.
Шалқар Наурызбен қатар өскенін, жақын болғанын айтты. Ол Наурыздың өз бетінше біреуге тиіспейтін жігіт екенін жеткізді. Тіпті, Наурыз Сұлтанмен сөзге келгені туралы ешқашан сөз қозғамаған. Сонымен қатар Шалқар Мұқанғалиев сотталушыға Ақбаянның туыстары тарапынан қысым жасалды деген мәліметке сенбейтінін және қайтыс болған адамдарды айыптамау керек екенін айтты. Мұқанғалиевтің сөзіне қарағанда, Нәсіп Өтешқалиева, керісінше, немерелеріне үнемі көмектесуге тырысқан.
Сарайдағы Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйектерінің жанынан қан тиген балта табылған. Алайда сараптама нәтижесі бойынша, сарайдағы қан қаза тапқандардың қаны емес. Сонымен қатар, қылмыс жасалғаннан кейін біраз уақыт өткен соң, үйдің кіреберісіндегі кілемшесінің астынан тағы бір кілт табылған. Оны кімнің және қашан қалдырғаны әлі анықтаған жоқ.
Контекст
Естеріңізге салайық, жантүршігерлік оқиға Атырау облысы Жангелді ауылында болған. Бір отбасының төрт мүшесі қаза болып, күдік күйеу балаға түскен еді. Айыпталушының айтуынша, қанды қылмысқа отбасындағы ұзаққа созылған жанжал себеп болған.
Тергеу нұсқасы бойынша, сотталушы қайынатасы Мақсот Қарабалинге тоғыз рет, енесі Нәсіп Өтешқалиеваға сегіз рет, жұбайының бауыры Наурыз Мұқанғалиевке 10 рет, ал жұбайының әпкесіне Мейрамгүл Қарабалинаға 32 рет пышақ сұққан.
Сот отырысында Сәрсемәлиев әкесін көріп, көзіне жас алды.
