Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты атышулы іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Ақ Жайық» мәліметінше, бүгін сот куәгерлердің куәлігін тыңдайтын бөлімді бастады. Сотта жалпы 26 куәгер куәлік береді. Бірінші болып айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің әкесі Самиғолла Сәрсемәлиев куәлік берді.
Әкесінен жауап ала бастағанда айыпталушы көзіне жас алды. Оның адвокаты айыпталушы қобалжып отырғанын айтқан. Самиғолла Сәрсемәлиев ұлын байсалды, отбасын жақсы көретін адам деп сипаттады.
Ол отбасына қамқор болды, отбасын ойлайтын. Жауапты болды. Сот кінәлі кім екенін анықтап, іске нүкте қояр, — деді Самиғолла Сәрсемәлиев.
Ол баласы осындай қылмысқа барғанына сенбейтінін, болған жайдың бәріне әлі сене алмай отырғанын мойындады. Өзінің айтуынша, бір немересе сәбилер үйіне, қалған төртеуі Жасөспірімдерді бейімдеу орталығына орналастырылған.
(Ұлым — ред.) Ісіне, сөзіне жауапты, тиянақты болып өсті. Тәртібі жақсы болды. Мектепте оқып жүрген кезінде мұндайы болған жоқ, — деді Самиғолла Сәрсемәлиев.
Ол Сұлтан мен бұрынғы әйелінің арасына басқа адамдар түсуі мүмкін деген пікір айтты. Сонда судья бұл адам өлтіруге себеп болатын-болмайтынын сұрады.
Жоқ, ешкім олай деп есептемейді және олай деп айтпайды да, — деді айыпталушының әкесі.
Осыдан соң куәлік етуге айыпталушының анасы Гүлнар Әзмұқанова шақырылды. Алайда ол судья қойған сұрақтарға жауап беруден бас тартты. Сонықтан судья куәгердің тергеудегі сөзін оқып берді, әйел оның бәрін растады. Анасы сот залынан шығарда ұлына былай деп айтты:
Бұл өмірден қуаныш көрмедің-ау. Өмір бойы күресіп келесің. Бекем бол. Өмірің үшін күресі. Балаларыңа әкең бар деп айтамын, — деді анасы.
Естеріңізге салайық, жантүршігерлік оқиға Атырау облысы Жангелді ауылында болған. Бір отбасының төрт мүшесі қаза болып, күдік күйеу балаға түскен еді. Айыпталушының айтуынша, қанды қылмысқа отбасындағы ұзаққа созылған жанжал себеп болған.
Сәрсемәлиевке жалпы 13 бап бойынша айып тағылған. Оның тек біреуін ғана мойындамай отыр.
Тергеу нұсқасы бойынша, сотталушы қайынатасы Мақсот Қарабалинге тоғыз рет, енесі Нәсіп Өтешқалиеваға сегіз рет, жұбайының бауыры Наурыз Мұқанғалиевке 10 рет, ал жұбайының әпкесіне Мейрамгүл Қарабалинаға 32 рет пышақ сұққан.
