Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Атыраудағы отбасының өлімі: сотта оқиғаның хронологиясы айтылды

Видео скрині
Атырау облысы Жангелді ауылы аумағында бүтін бір отбасының өліміне қатысты іс бойынша сот отырысында прокурор қылмыстың қалай жасалғанын баяндады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Атырау облыстық прокуратурасы прокуроры Мирас Бауыржанов мәліметінше, айыпталушы Сұлтан Сарсемалиев өткен жылдың наурыз айында әйелінің інісі Наурыз Мұқанғалиевті Мұнайшы шағынауданындағы үйінде өлтірген.

Прокурордың айтуынша, кейін күдікті марқұмның атынан арнайы қолданба арқылы 4 миллион теңге несие рәсімдеген. Бірнеше күннен кейін ол Наурыз Мұқанғалиевтің телефонындағы WhatsApp қолданбасы арқылы Нәсіп Өтешқалиевадан 350 мың теңге сұрап хат жазған. Ақша Қызылқоға мен Атырау арасында такси қызметін көрсететін жүргізуші арқылы жеткізілген. Такси жүргізушісі қалаға келген соң қаржыны терминал арқылы Наурыз Мұқанғалиевтің нөміріне аударған.

Айыптау тарапының мәліметінше, 2025 жылғы қарашада Сұлтан Сарсемалиев әйелі мен қызын алып, Қызылқоға ауданындағы Жангелді ауылына қонаққа барған. Сол кезде отбасы мүшелері арасында жанжал шыққан.

Прокурордың сөзіне қарағанда, күдікті алдымен үй ауласындағы сарайда жүрген Нәсіп Өтешқалиеваны пышақтап өлтірген. Кейін қайын атасына жарақат салып, оның денесін сарайға көмген.

Айта кетейік, сот процесі ашық форматта өтіп жатыр.

Еске салайық, 2025 жылғы қараша айында Атырау облысында төрт адамнан тұратын отбасы жоғалып кеткен. 2026 жылғы қаңтарда отағасы мен оның әйелінің денесі өз үйлеріндегі сарайдан табылған болатын. Ал олардың екі ересек баласын іздеу жұмыстары осы уақытқа дейін жалғасқан. Ақпан айында отбасының күйеу баласы мен қызы Индонезияда ұсталды.