Кейбір адамдар өмірде артынан өшпес із, мұра мен естелік қалдырады. Сіз өмірден өткенде жұрт сол мұра мен естелік арқылы сізді еске алуы мүмкін. Бір қызығы, ғылыми, әдеби немесе тарихи еңбектен бөлек, өз денесін мұраға қалдыратын адамдар да бар.
Baribar.kz өмірде мұра қалдыру және бұл жайлы ойлану неліктен маңызды екенін анықтап көрді.
Естелік қалдыру жайлы ой адам бойында жас кезде пайда болады
Зерттеуші Бет Хантер альцгеймер ауруына шалдыққан әкесіне екеуара әңгімені естелік ретінде аудио таспаға жазуды ұсынады. Алайда әкесі бұл ұсыныстан бас тартады. Зерттеушінің айтуына қарағанда, әкесі ешқашан сезімін білдіріп, ішкі сырын ашпаған, тіпті ауруы мен ажал жайлы сөз қозғамаған. Есесіне ол майданда бастан кешкен оқиғаларын жазуға білек сыбана кірісіп, кейін қолжазбасын басып шығаруға адам да жалдапты. Өйткені Бет Хантердің әкесі өмірден өткеннен кейін артында қалған ұрпақ үшін ең құнды дүние осы естелік деп біледі. Ғалымдардың пікірінше, естелік пен мұра қалдыру жайлы ой адам бойында қартайған шақта емес, жас кезде пайда болады.
Зерттеу нәтижесі бойынша, «өзіңнен кейінгі буынға бір нәрсе қалдыру» деген табиғи талпынысты түсіну мен сезіну психика мен деннің сау болуына ықпал етеді. Дегенмен адамдардың басым көпшілігі бұл туралы мүлдем ойланбайды, — дейді Bowling Green State университетінің доценті, қатерлі ісіктен сауыққан жандардың өмірлік мұрасын зерттеуші, сарапшы Бет Хантер.
Мұраның үш түрі бар
Мұра деген тек жиған-терген байлық, мал-мүлікті немесе музыка мен әдебиеттегі өнер туындысын өсиет қылып қалдыру емес. Зерттеушінің айтуына қарағанда, әрбір адам артынан белгі қалдырады.
Ол мұраны үш топқа бөлді:
- биологиялық мұра (дене мен ген);
- материалдық мұра (байлық пен меншік мүлкі);
- құндылықтар мұрасы (сенім, мәдениет пен салт-дәстүр).
26 мыңнан астам адам өз денесін ғылымға мұра еткен
Денесін медицина студенттерін оқыту мен жаңа ем-дом әдістерін зерттеу үшін мұраға қалдыратындар да бар. Мысалы, АҚШ-тың, шамамен 170 миллион азаматы ағза доноры ретінде тіркелген. 2021 жылы 26 мыңнан астам адам денесін ғылымға аманаттаған.
Бельгияда денесін ғылым үшін мұраға қалдырған 100-ден астам адам зерттеу сауалнамасына жауап берді. Олардың 57%-ы ғылымның дамуына үлес қосқысы келетінін айтты. Бір қызығы, респондентердің 16%-ы бұл шешімді өз өліміне бір мағына беру үшін қабылдаған.
Мұра қалдыру туралы ойлану ажал үрейінен арылтады
Хантердің қатерлі ісіктен аман қалған әйелдер жайлы зерттеуінде науқастар жақындарына денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, скриниң тапсыру қажет екенін айтқан. Ауыр дертпен күрескен әйелдер үшін артынан қандай да бір із қалдыру маңызды болған.
Өйткені бұл ой ажал аузында жатқан жандарға да үлкен үміт сыйлайды екен. Кейбір ауруханаларда науқастардың өмірін мәнді аяқтау үшін мұра қалдыру іс-шаралары өтеді. Бұл бастама күйзеліс пен мазасыздықты азайтуыға ықпал етеді.
Адам орта жасқа дейін қоғамға пайдасын тигізбесе, денсаулығы нашарлайды
Ескі фотосурет, отбасылық жәдігерді ұрпақтан-ұрпаққа сыйға беріп, қайырымды іс істеп, өз атыңа ғимарат салу арқылы қоғамда құндылық мұрасын қалдыруға болады. 1950 жылы неміс психоаналитигі Эрик Эриксон ғылымға «генератив» деген термин енгізді. Бұл — болашақ ұрпақтың игілігі үшін қамқорлық жасау деген сөз. Эриксонның пікірінше, адам орта жасқа дейін қоғамға пайдалы болғаннан туындайтын қуанышты (генеративті) сезбесе, кейін өмір сапасы мен денсаулығы нашарлауы мүмкін.
Адам баласы тумысынан өзгелердің пікіріне тәуелді
«Біз өмірден өткен соң артымыздан жақсы сөз қалса екен» деген құштарлық адам баласы тумысынан өзгелердің пікіріне тәуелді екенін айқындап тұр. Адам өмірден өткенде де бұл уайымнан құтыла алмауы мүмкін. Мұра қалдыруға ұмтылыс адамның сүйікті болуға, жұрт үшін маңызды болуға деген талпынысынан туындайды.
