Парламент сенаты депутаттары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын қарап жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Құжатты таныстырған сенатор Андрей Лукин жаңа түзетулер ең алдымен қылмыстық кодексті жетілдіруге бағытталғанын айтты.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасында пара ұсыну, уәде ету және талап ету, сонымен қатар заңсыз сыйақы алуға арандату үшін жауапкершілік қарастырылған.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары бойынша тергеу жүргізу тәртібі жетілдіріледі. Кейбір құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік те күшейтіледі, – деді Андрей Лукин.
Атап айтқанда, мүдделер қақтығысын реттеу бойынша шара қабылдамау, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарламау және заңсыз материалдық сыйақы беру әрекеттері үшін жауапкершілік күшейеді.
Мәулен Әшімбаев заңды қолдану тәжірибесінде параның уәде етілгенін қалай дәлелдеуге болатынын сұрады.
ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Сыйлыбайұлы мұндай нормалар GRECO және экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде қолданылатынын айтты.
Оның айтуынша, пара уәдесі ауызша мәлімдеме, жазбаша хабарлама, сонымен бірге әлеуметтік желілер мен интернет арқылы жіберілген хабарламалар арқылы дәлелденуі мүмкін.
Дәлел ретінде куәгерлердің жауабы, жазбаша және заттай айғақтар, сарапшылар қорытындысы қолданылады, – деді агенттік өкілі.
