«35 мың педагог жұмыссыз». Депутат жоғары білім жүйесін сынға алды

Депутат Сергей Пономарев елдегі жоғары білім беру жүйесіндегі кадр даярлау сапасын сынға алды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Оның мәліметінше, қазіргі уақытта жоғары оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі шамамен 70% болады. Алайда бұл көрсеткіш кейінгі үш жылда төмендеп келеді. Сонымен қатар, түлектердің едәуір бөлігі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Депутат педагогикалық кадрлар жағдайын мысалға келтірді.

2024 жылғы 1 қарашадағы дерек бойынша 35 мыңнан астам педагог ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген. Тағы 17,5 мыңы білім беру саласынан тыс жұмыс істейді, ал шамамен 60 мың адамның нақты қай салада еңбек етіп жүргені белгісіз, — деді депутат мәжіліс қабырғасында өткен үкімет сағатында.

Сергей Пономарев шетел тәжірибесіне де тоқталды.

Мәселен, Оңтүстік Корея елінде мемлекет кадрларға деген сұранысты қатаң реттейді. Жоғары оқу орындары белгіленген лимиттен тыс студент қабылдай алмайды – бұл талап мемлекеттік грантқа да, ақылы бөлімге де қатысты, — деді депутат.

Осыған байланысты депутат Қазақстанда да кадр даярлауды қатаң мемлекеттік реттеу жүйесіне көшу мүмкіндігін көтерді. Оның ішінде еңбек нарығының нақты сұранысына сай ақылы қабылдауды шектеу мәселесін алға тартты.

Ғылым және жоғары білім министрлігі басшысы Саясат Нұрбек Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тәжірибесі қызық екенін атап өтті. Ол Қытай секілді мемлекеттерде де кадр даярлау жүйесі қатаң бақылауда екенін жеткізді.

Министрдің айтуынша, бұл мәселе ұлттық тестілеу жүйесін реформалаумен де байланысты. Атап айтқанда, халықаралық ETS компаниясымен келісім жасалып, жаңа ҰБТ стандарты әзірленген. Жоспар бойынша, ол келесі жылдан бастап пилоттық режимде енгізіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Жоғары аудиторлық палата жоғары білім беру саласында жүйелік проблемалар бар екенін мәлімдеген болатын.