Басты бет / Жаңалықтар /
Стоматолог, тіс дәрігері, тіс емдеу
Фото: Baribar.kz

Стоматолог, травматолог, педиатр: Алматыда дәрігерлер балаларға тегін кеңес береді

Алматыда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай барлық медициналық мекемеде ашық есік күндері өтеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Алматының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, іс-шара аясында балалар мен жасөспірімдерге денсаулықты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және түрлі аурулардың алдын алу бағытында тегін медициналық тексерулер мен кеңестер беріледі.

Бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарына педиатр, стоматолог, травматолог, инфекционист, невропатолог, ЛОР дәрігері, акушер-гинеколог және басқа да салалық мамандар тегін консультация өткізеді. Сонымен қатар іс-шараларға жетекші сарапшылар, ғылыми қызметкерлер мен штаттан тыс бас мамандар қатысады. Қаладағы медициналық ұйымдарда ата-аналар мен жасөспірімдерге арналған пікір алмасу алаңдары, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, сурет байқаулары және мәдени-көпшілік бағдарламалар ұйымдастырылады. Ерекше қажеттігі бар балалар мен диспансерлік есепте тұрған балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Олар үшін үй жағдайында көшпелі медициналық тексерулер де жүргізіледі, — делінген хабарламада.

Мамандардың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – балалар мен жастар арасында физикалық, психикалық және репродуктивтік денсаулық мәдениетін қалыптастыру.

Ашық есік күндерінің толық бағдарламасын тұрғындар медициналық ұйымдардың ресми сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшаларынан біле алады.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok