Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев үкімет отырысында оқушылардың каникул кездегі негізгі табыс көздері туралы айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Министрдің мәліметінше, Қазақстан заңнамасы бойынша 14 пен 18 жас аралығындағы балаларға еңбек етуге рұқсат берілген. Қазір елімізде осы жас санатындағы 1,7 миллионға жуық жасөспірім бар. Ал министрліктің ақпараттық жүйелеріне түскен деректер бойынша, бүгінде ресми түрде 5 мың 300 оқушы жұмыспен қамтылған.
Жасөспірімдердің басым бөлігі сауда, ойын-сауық және демалыс қызметтері, сонымен қатар қоғамдық тамақтану салаларында жұмыс істейді. Олар көбіне көгалдандыру жұмысшысы, курьер, даяшы, сатушы-консультант, аспаз көмекшісі және аниматор болып еңбек етеді, – деді Асқарбек Ертаев.
Министрдің айтуынша, еңбек жасындағы балалардың басым бөлігі Түркістан облысы, Алматы облысы және Жамбыл облысы аумақтарында тұрады. Сонымен қатар Алматы, Астана және Шымкент қалаларында да еңбек ететін жасөспірім көп.
Оқушылар ішінде ең көп жұмыс істей алатындар мегаполистерден байқалады. Бұл – республика бойынша жұмыс істейтін балалардың 59%-ы. Себебі ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының көбі мегаполистерде орналасқан, – деді министр.
