Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Биыл қай мамандықтарға грант көп бөлінеді?

Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек үкімет отырысында 2026–2027 оқу жылына бөлінетін мемлекеттік гранттар туралы айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Министрдің айтуынша, биыл жоғары білімді кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі өткен жылдардың деңгейінде сақталған. Жалпы 89 457 мемлекеттік грант бөлінген. Оның ішінде:

  • 75 371 грант – бакалавриатқа;
  • 11 007 грант – магистратураға;
  • 3 079 грант – докторантураға арналған.

Саясат Нұрбек гранттар ел экономикасының 2030 жылға дейінгі кадрлық қажеттігіне сәйкес бөлінгенін айтты.

Қазақстанға болжам бойынша 883 мыңнан астам маман қажет болады. Оның ішінде 530 мыңы инженерлік кадрлар, 185 мыңнан астамы педагогикалық кадрлар және 168 мыңға жуығы басқа салалардың мамандары, – деді министр.

Осыған байланысты мемлекеттік гранттарды бөлу кезінде инженерлік, IT, аграрлық, педагогикалық және жаратылыстану бағыттарына басымдық берілген. Министрдің мәліметінше, гранттардың:

  • 60%-ы инженерлік-техникалық, IT және ауыл шаруашылығы мамандықтарына;
  • 21%-ы педагогикалық кадрларды даярлауға бағытталған.

Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік тапсырыс қазіргі таңда тек білім беруді қаржыландыру құралы ғана емес, елдің кадрлық саясаты мен экономикалық дамуына әсер ететін маңызды механизмге айналғанын атап өтті.