Мәжіліс депутаттары қылмыстық және әкімшілік рақымшылыққа қатысты заң жобасын қарауға кірісті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қылмыстық және әкімшілік рақымшылық
Депутат Снежана Имашеваның айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты ұсынылып отырған рақымшылық қылмыстық және әкімшілік істердің бір бөлігіне қолданылады.
Заң жобасы бойынша, зиян келтіруге әкеліп соқпаған немесе келтірілген шығын толық өтелген жағдайда ауырлығы аз және орташа қылмыстық теріс қылықтар бойынша азаматтарды жауапкершіліктен босату ұсынылған.
Айыппұлдар мен жаза мерзімдері қысқаруы мүмкін
Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша жаза мерзімдерін қысқарту мәселесі қарастырылып отыр. Алайда бұл тек келтірілген залал толық өтелген жағдайда ғана жүзеге асуы мүмкін. Рақымшылық аясында зиян келтіруге әкеліп соқпаған не оны толық өтеген ауырлығы аз немесе орташа қылмыстық теріс қылықтар мен қылмыстар бойынша жауапкершіліктен босату, ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша толық өтелген жағдайда мерзімдерді қысқарту ұсынылады, — деді Снежана Имашева.
Заң жобасында әкімшілік рақымшылық мәселесі де қамтылған. Ол бойынша Қазақстан азаматтары, жеке кәсіпкерлер, нотариустар, адвокаттар және қандастар заң қабылданғанға дейін орындалмаған әкімшілік айыппұлдардан босатылуы мүмкін.
Бұл бастама құқықтық жауапкершілікті ізгілендіруге және азаматтарға қосымша мүмкіндік беруге бағытталған, — деді депутат.
Қазір заң жобасы мәжіліс қарауында. Құжаттың нақты қандай санаттағы азаматтарға қолданылатыны талқылау барысында нақтыланады.
