Не болды?
Қазақстанда ипотеканы 20%-дан бастап қана емес, 5%, 3%, тіпті 1%-бен де рәсімдеуге болады. Қазір банк нарығында пайыз мөлшерлемесі ең төмен бірнеше бағдарлама бар. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мөлшерлемесі ең төмен ТОП-3 ипотека
Krisha.kz дерегінше, бұл тізімге «Наурыз», «7-20-25» секілді мемлекеттік бағдарламалар кірмейді. Себебі мұндай жеңілдетілген ипотекалар белгілі бір санаттағы азаматтарға ғана арналған. Тізімге енген ипотекалар:
- құрылыс компаниясының серіктес ипотекасы – 1%-дан басталатын мөлшерлеме;
- Отбасы банкінің «50/50» ипотекасы – 3,5%-дан басталатын мөлшерлеме;
- кепілдік салымына рәсімделетін ипотека – 5%-дан басталатын мөлшерлеме.
Құрылыс компаниясының серіктес ипотекасы
Нарықта мөлшерлемесі ең төмені – дәл осы құрылыс компаниясымен бірлескен бағдарлама беретін ипотека. Банктер белгілі бір құрылыс компаниясымен жұмыс істеп, тұрғын үй кешенінен пәтер алуға несие береді.
Кей жағдайда пәтерді пайызсыз бөліп төлеуге ұқсайтын шартпен алуға болады. Бұл үшін сатып алушы тұрғын үй құнының кемінде 70%-ын бірден төлеуі қажет әрі қарызды бір жыл ішінде толық жабуы керек.
Бастапқы жарна аз болса және ипотека мерзімі ұзақ созылса, онда мөлшерлеме 20%-ға дейін көтерілуі мүмкін.
Шарты:
- мөлшерлеме: 1%-дан 18,5%-ға дейін;
- ЖТСМ (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі): 1,3-20%;
- мерзімі: 20 жылға дейін;
- бастапқы жарна: 20%-дан
Пайыз аз екені көбіне пәтер бағасы қымбат болғанымен өтеледі. Демек, серіктес ипотекамен алатын баспана нарықтағы бағадан жоғары болуы мүмкін.
Артық тұсы:
- бастапқы жарна көп болса, пайыз өте төмен болады;
- салынып жатқан тұрғын үйден пәтер таңдауға болады;
- рәсімдеу процесі жылдам.
Кемшін тұсы:
- банктің серіктес тұрғын үй кешенінен ғана таңдауға болады;
- кейде тек екі немесе үш бөлмелі пәтер беріледі.;
- жарнаны аз төлесеңіз, артық төлем жай ипотекадағыға ұқсас болады.
- пәтер қымбат болуы мүмкін.
Бұл ипотека қолында қомақты қаржысы бар және несиені тез жаба алатын жандарға тиімді.
Отбасы банкінің «50/50» ипотекасы
Бұл – еліміздегі танымал ипотеканың бірі. Негізгі себебі – пайызы төмен мөлшерлеме.
Шарты:
- мөлшерлеме: 3,5-5% аралығы;
- ЖТСМ (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі): 3,6-6,9%;
- бастапқы жарна: 50%.
Отбасы банк жинақтау жүйесімен істейді. Демек, ипотека алу үшін, алдымен депозитке үй құнының кемі жартысын жинау қажет.
Несиенің екі түрі бар:
- Тұрғын үй қарызы:
- депозит мерзімі – кемі үш жыл;
- үй құнының 50%-ы жиналуға тиіс;
- бағалау көрсеткіші – кемі 16;
- мөлшерлеме: 3,5-5% аралығы;
- ЖТСМ (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі): 3,6-6,9% аралығы.
- Уақытша қарыз:
Депозитке үш жыл толмаса, бірақ қаражат жеткілікті болса, уақытша қарыз рәсімделеді.
мөлшерлеме: 6-8,5% аралығы;
- ЖТСМ: 6,2-9,6% аралығы.
Үш жылдан соң бұл қарыз тұрғын үй қарызына айналып, пайыз мөлшерлемесі төмендейді.
Артық тұсы:
- пайызы төмен;
- артық төлемі аз;
- бастапқы және қайталама нарықтан үй алуға болады.
Кемшін тұсы:
- бастапқы жарна өте көп – 50%;
- көп уақыт ақша жинау қажет;
- ипотеканы бірден рәсімдеу мүмкін емес.
«50/50» бағдарламасы – артық төлемді азайтқысы келетін әрі көп уақыт ақша жинауға дайын азаматтарға тиімді нұсқа.
Кепілдік салымына рәсімделетін ипотека
Бұл – Қазақстандағы жаңа ипотеканың бірі. Мұнда бастапқы жарнаның орнына қарыз алушы пәтер құнының белгілі бір бөлігін арнайы шотқа түсіреді. Нәтижесінде банк мұны қосымша кепіл деп есептейді.
Жүйе қалай істейді?
- қарыз алушы пәтер бағасының кемінде 20%-ын банк шотына салады;
- банк толық соманы ипотека ретінде береді;
- пайыз тұтас несие сомасына есептеледі;
- жиналған қаражатты кейін ипотека жабуға пайдалануға болады.
Шарты:
- мөлшерлеме: 5-15% аралығында;
- ЖТСМ: 7,2-16% аралығы;
- кепілдік салым: 20%-дан басталады;
- мерзімі: 15 жылға дейін.
Бастапқы салым неғұрлым көп болса, пайыз соғұрлым төмен болады.
Мысалы:
- 30% салымға – 15%;
- 40%-ға – 13%;
- 50%-ға – 11%;
- 60%-ға – 8%;
- 70%-ға – 5%.
Артық тұсы:
- кәдімгі ипотекаға қарағанда пайызы төмен;
- кепілге қойған қаражатпен несие жабуға болады.
Кемшін тұсы:
- пайыз түгел қарыз сомасына есептеледі;
- зейнетақы жинағын пайдалануға болмайды.
Қай ипотека тиімді?
Ең тиімді ипотека тек пайызға емес, қарыз алушының мүмкіндігі мен мақсатына қарай белгілі болады.
Егер:
- жаңа үй алғыңыз келсе және қолыңызда қаражат көп болса – құрылыс компаниясының серіктес ипотекасы тиімді;
- көп уақыт жинақ жасап, артық төлемді азайтқыңыз келсе – «50/50» бағдарламасын қолдансаңыз болады;
- белгілі бір жинағыңыз бар, бірақ 50% бастапқы жарнаға жетпесе – кепілдік салымына рәсімделетін ипотека жақсы балама бола алады.
Контекст
2026 жылы елімізде қандай бағдарламамен үй алуға болатынын мына жерден оқыңыз.
