Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

«Алматы жастары» бағдарламасына өтінім қабылдау басталады

Фото: Нұрназар Әмзе
Алматыда жастарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй несиесі бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау 1 маусымда басталады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Алматының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша құжаттар 1-15 маусым аралығында қабылданады.

Өтінімдерді kezekte.kz порталындағы «Тұрғын үй сервистері» бөлімінде орналасқан Almaty Jastary сервисі арқылы жолдауға болады. Қабылдау 1 маусым сағат 09:00-де басталып, 15 маусым сағат 18:00-де аяқталады. Жүйеге кіру үшін электрон цифрлық қолтаңба қажет.

Бағдарлама аясында қатысушыларға 20 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Пайыздық мөлшерлеме — 5%, ал бастапқы жарна 10%. Бағдарлама арқылы бастапқы және қайталама нарықтан баспана сатып алуға мүмкіндік бар. Жобаға Алматыда тұратын 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Негізгі талаптардың қатарында Алматыда кемінде бір жыл тұрақты тіркеуде болу, кейінгі бес жылда тұрғын үйдің болмауы және кемінде алты ай ресми жұмыс өтілі мен зейнетақы аударымдарының болуы көрсетілген, — делінген хабарламада.

Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала қызметкерлеріне, журналистерге, ғылыми-зерттеу институттарының мамандарына, құқық қорғау органдары мен коммуналдық қызмет өкілдеріне, сонымен қатар «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының жалға алушыларына арналған.