Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев ұялы телефон арқылы жасалатын қоңырауларды таңбалау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы аясында заңды тұлғалардан түсетін қоңырауларды міндетті түрде таңбалау ұсынылып отыр.
Министрдің айтуынша, негізгі мақсат – азаматтарды телефон алаяқтарынан қорғау.
Бұл абоненттерге ресми қоңырауларды күмәнді және алаяқтық қоңыраулардан ажыратуға мүмкіндік береді, – деді Жаслан Мәдиев мәжіліс отырысында.
Сонымен қатар заң жобасында абоненттік нөмірлер мен ұялы телефондарды жақын туыстардан басқа үшінші тұлғаларға беруге тыйым салу қарастырылған. Бұдан бөлек, байланыс құралдарын верификациялау арқылы тіркеу рәсімін жетілдіру көзделіп отыр.
Бұл заңсыз әкелінген құрылғыларды пайдалануды азайтып, IMEI кодын өзгерту арқылы жасалатын алаяқтық тәуекелдерін төмендетеді, – деді министр.
Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
