Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев республикалық және облыстық жолдарда мобайл интернеттің қашан іске қосылатынын айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оның айтуынша, базалық станциялар желісін кеңейту нәтижесінде Қазақстанда мобайл интернеттің орташа жылдамдығы 75%-ға, ал интернет-трафик көлемі 67%-ға артқан.
Биыл республикалық маңызы бар автожолдар, ал келесі жылы негізгі облыстық автожолдар мобайл интернетпен қамтылады, – деді Жаслан Мәдиев мәжіліс отырысында.
Министрдің айтуынша, ел аумағы спутниктік интернетпен де толық қамтылады.
Биыл спутниктік интернетті пойыздар мен ұшақтарға енгізу жоспарланып отыр. Өңірде алғаш рет Direct-to-Cell технологиясы қолданылып отыр. Бұл азаматтарға Қазақстанның кез келген жерінен ұялы телефон арқылы интернетке қосылуға мүмкіндік береді, – деді министр.
