Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Алматыдағы жекеменшік электр желілерінің 80%-ы тозған

Фото: Алматы әкімдігі
Алматы әкімдігінде қала әкімі Дархан Сатыбалдынің төрағалығымен иесіз және жекеменшік электр желілерін коммуналдық меншікке беру мәселесіне арналған кеңес өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Әкімдіктің мәліметінше, жиында жекеменшік электр желілерін пайдаланудағы жүйелі мәселелер, электр қуатының жиі өшу себептері және оларды кезең-кезеңімен шешу жолдары талқыланды.

Кеңесте айтылғандай, қаладағы жекеменшік электр желілерінің едәуір бөлігі әбден тозған және техникалық қызмет тиісті деңгейде көрсетілмейді. Бұл апаттық өшірулерге, кернеудің тұрақсыздығына және тұрғындар шағымының көбеюіне себеп болып отыр.

«Алатау жарық компаниясы» мәліметінше, кейбір жекеменшік желілердің тозу деңгейі 80%-дан асады.

Электр желілерінің есепке алынуы мен баланстық тиесілігін анықтайтын ашық жүйенің жоқтығы олардың пайдаланылуы мен жаңғыртылуын қиындатып отыр. Кейінгі алты айда Алматыдағы электр қуатының өшу жағдайларының шамамен 45%-ы немесе 295 оқиға жекеменшік желілерге тиесілі болған. Әсіресе Наурызбай ауданы, Бостандық ауданы, Медеу ауданы және басқа да аудандардағы проблемалық учаскелер жеке қаралған, — делінген хабарламада.

Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі ведомствоаралық үйлестіруді күшейтіп, иесіз желілерді коммуналдық меншікке қабылдау жұмысын жеделдетуді тапсырды. Кейін бұл желілерді пайдалану АЖК-ға беріледі. Басымдық тұрғын үй кешендері, апаттық учаскелер және әлеуметтік маңызы бар нысандарға беріледі.

Сонымен қатар желілердің тиесілігін анықтау, жеке есепшоттар ашу және оларды әрі қарай пайдалану тетіктерін біріздендіру міндеті қойылды. Бұл жұмыстарға әкімдіктің салалық басқармалары, энергетикалық қадағалау органдары, қала прокуратурасы және АЖК қатысады.

Әкімдік мәліметінше, қабылданатын шаралар апаттық жағдайларды азайтып, электрмен жабдықтау сапасын арттыруға, желідегі шығындарды қысқартуға және әлеуметтік шиеленісті төмендетуге мүмкіндік береді.