Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Алматыда бір күнде жарты айдағы жаңбыр жауды

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Алматыда екі күннен бері толассыз жаңбыр жауып, айлық жауын-шашын мөлшерінің жартысы түсті. Қазір коммуналдық қызметтер күшейген режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Әкімдіктің мәліметінше, Алматыда жауын-шашынның рекордтық көлемі тіркелген. 10 мамыр сағат 11:00-ден 11 мамыр кешкі 20:00-ге дейін қалада 50,4 мм жауын жауған. Бұл мамыр айындағы айлық норманың 51 пайызына тең. Айлық көрсеткіш – 99 мм.

Коммуналдық қызметтер су басу қаупінің алдын алу және локалды су жиналған аумақтарды тазарту үшін күшейген режимде жұмыс істеп жатыр.

Қосымша түрде Алматының құтқару қызметі де кезекшілікке тартылған. Олар ассенизаторлық көлік пен 15 мотопомпамен жабдықталған. Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 53 техника мен 240 қызметкер жұмылдырылған. Қала инфрақұрылымының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін бір тәулік ішінде жалпы саны 3 080 жол жұмысшысы мен 1 225 техника жұмылдырылды. Жедел әрекет ету үшін 2 300 қап құм дайындалды, – делінген хабарламада.

Синоптиктердің болжамынша, 12 мамыр күні Алматыда ара-тұра жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ал 13 мамырда жауын-шашын тоқтайды деп күтіліп отыр.