Астана қаласында еліміздің барлық өңірінен мыңға жуық делегат пен жақтастардың басын қосқан «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өтті. Жиында жаңа саяси бірлестіктің құрылуы ресми түрде бекітіліп, партияның Мемлекет басшысының реформаларына толық қолдау білдіретіні мәлімделді.
Съез барысында қатысқан 931 делегаттың дауыс беруімен «Әділет» партиясын құру туралы шешім мақұлданды. Сонымен қатар, ұйымның қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі ресми атауы бекітіліп, «Саяси партиялар туралы» заң талаптарына сай барлық рәсімдер сәтті өтті.
Партия төрағасы мен саяси кеңес сайланды
Съез делегаттарының бірауыздан қабылдаған шешімімен партия төрағасы қызметіне Дәдебай Айбек Арқабайұлы сайланды. Сондай-ақ, жаңа саяси бірлестіктің 30 адамнан тұратын саяси кеңесінің құрамы бекітілді.
«Біздің ниеттестеріміз – белсенді, жауапкершілігі жоғары, ел дамуына үлес қосатын жандар. Біз бірге еңбек етеміз, жұмысты ашық, адал әрі қоғам алдында есеп бере отырып жүргіземіз. Жүйелі, жауапты және дәйекті жұмыс жүргізуге уәде береміз», – деп атап өтті жаңадан сайланған төраға Айбек Дәдебай.

Негізгі құжаттар: Жарғы және Бағдарлама
Құрылтайда партияның алдағы бағыт-бағдарын айқындайтын екі негізгі құжат қабылданды.
1. Партия Жарғысы Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтің айтуынша, бұл құжат ішкі ереже ғана емес, партияның саяси жүйеге толыққанды қатысуына мүмкіндік беретін жұмыс құралы. Жарғының негізінде ашықтық, жауапкершілік және азаматтардың қатысуы қағидаттары жатыр.
2. Партия Бағдарламасы Бағдарламаның басты басымдықтары ретінде мына бағыттар айқындалды:
-
Адами капиталды дамыту;
-
Заң үстемдігін күшейту;
-
Өңірлердің теңгерімді дамуы;
-
Әділетті қоғам құру.
Партияның негізгі құндылықтары: әділдік, отаншылдық, жауапкершілік, еңбекқорлық және даму.
Президент реформаларына қолдау
Жаңа саяси ұйым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын қолдайтынын ашық жариялады. «Әділет» партиясы өз жұмысында келесі бастамаларға басымдық бермек:
-
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыру;
-
Әділетті әрі бәсекеге қабілетті экономиканы дамыту;
-
Цифрлық мемлекетті жетілдіру және адами капиталды арттыру;
-
«Таза Қазақстан» бастамасына үлес қосу;
-
Жауапты орта держава қағидатын ұстану.
Қарсыластық емес, қоғамдық диалог
Партия өкілдері ұйымның өзін саяси текетірестің құралы ретінде қарастырмайтынын ерекше атап өтті.
-
Ренат Бектұров («Астана» ХҚО басқарушысы) партия мүшелерінің көпшілігінің дүниетанымы Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде қалыптасқанын және ұйым өз құндылықтарына басымдық беретінін айтты.
-
Рауан Кенжеханұлы («Қазақ тілі» қоғамының президенті) партия қоғамдағы өзгеріске деген сұранысқа жауап беріп, басты назарды мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімді күшейтуге аударатынын жеткізді.
Партияның негізгі тірегі – Жастар
«Әділет» партиясын құруға алғашында 700 адам бастамашы болса, цифрлық платформа іске қосылған қысқа уақыт ішінде ұйымға 9 мыңнан астам адам онлайн тіркеліп үлгерген.
Бастамашыл топ өкілі Талант Омарбековтің сөзінше, партияға қызығушылық танытып отырғандардың басым бөлігі – жастар.
«Жастарға әлеуметтік лифт пен жаңа өзгерістер қажет. Қазір саясатқа араласатын уақыт келгенін жастардың өзі де түсініп отыр», – деп түйіндеді ол.