Тоқаев қарулы күштерді 2 жылда реформалауды тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған құттықтауында ел армиясын ауқымды реформалау туралы тапсырма берді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Президент Қазақстанның бейбіт саясат ұстанатынын атап өтті.

Қазақстан – өткенге зор құрметпен, болашаққа үлкен үмітпен қарайтын бейбіт ел. Біз кез келген қақтығыс дипломатиялық жолмен шешілуге тиіс деп есептейміз. Дегенмен, ел қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауға болмайды, — деді мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі жаһандық тұрақсыздық жағдайында елдің қорғаныс қабілетін күшейту аса маңызды. Осыған байланысты алдағы екі жыл ішінде Қазақстан қарулы күштері мен әскери мекемелерді түбегейлі реформалау міндеті қойылды.

Президент әскерді ең алдымен технологиялық тұрғыдан жаңғырту қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл бастама түрлі қауіп-қатерлердің алдын алып, елдің қорғаныс әлеуетін арттыруға бағытталған.

Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет. Оны созбай, екі жыл ішінде орындау қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан халықаралық құқық қағидаттарын берік ұстанатынын және әлем елдерімен достық қарым-қатынасты нығайта беретінін де жеткізді.