Қазақстанның экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Өскемендегі «Қазцинк» кәсіпорнында болған апаттан кейінгі экология ахуалына қатысты пікір айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оның айтуынша, өңірлік экология департаментінің мамандары оқиға орнына жедел барып, ауадағы зиянды заттардың мөлшерін өлшеген. Қазіргі таңда алынған сынамалар зерттеліп жатыр.
Егер талдау нәтижесінде зиянды заттардың мөлшері белгіленген нормадан асса, онда төтенше жағдай салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залал есептеледі, — деді вице-министр.
Сонымен қатар ол жоспардан тыс тексерулер ҚР бас прокуратурасы келісімімен және құқық қорғау органдарының тапсырмасы негізінде жүргізілетінін атап өтті.
Ал «Қазгидромет» мәліметінше, қазіргі уақытта өңірдегі ауа сапасы тұрақты деңгейде.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Тергеу еңбекті қорғау ережелерін бұзу фактісі бойынша жүргізіліп жатыр.
Апат салдарынан екі адам қаза болды, тағы екі адам ауруханада жатыр. Қазіргі уақытта жедел-тергеу тобы құрылып, барлық мән-жай анықталып жатыр, — деді ол.
Министрлік өкілінің сөзіне қарағанда, тергеу барысы бақылауға алынған, қосымша ақпарат кейінірек жарияланады.
Еске салайық, 5 мамырда Өскемендегі «Қазцинк» зауытының бір цехында жарылыс болды.
Апат салдарынан екі адам қаза болып, тағы бес адам жарақат алған.
