Hyundai Kazakhstan бала өлімінен кейін Palisade-тің бағдарламалық жасақтамасын жаңартады

Не болды?

Hyundai компаниясы Қазақстандағы Palisade кроссоверлер иесіне бағдарламалық жасақтаманы тегін жаңартып береді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Hyundai Kazakhstan компаниясының мәліметіне қарағанда, Palisade (LX3) көлігінің бағдарламалық жасақтамасын жаңарту науқаны басталып кетті. Бұл науқан 7 наурыз күні АҚШ-тың Охайо штатында болған оқиғадан кейін жасалып отыр.

Компания атынан шамамен 500 автокөлік иесіне хабарлама жіберілді. Олар бағдарламалық жасақтаманы ауыстыру үшін дилер орталықтарға бара алады.

Науқанға қалай қатысуға болады?

Автокөлік иесі ресми дилер орталыққа телефон соғып немесе барып, көлігінің VIN-кодын айтады. Компания қызметкері клиенттің көлігі сервистік науқан тізіміне кіретін-кiрмейтінін тексеріп береді. Көлік тізімде болса, ресми сервисте диагностикадан өтеді. Қажет болса, орындықты автоматты түрде бүктеу функциясының бағдарламалық жасақтамасы жаңартылады.

«Сырттан келген» көліктер де науқанға қатыса алады

Бұл науқанға ресми дилер желісінен тыс сатып алынып, Қазақстанға әкелген автокөліктер де қатыса алады. Диагностика мен бағдарламалық жасақтаманы жаңарту жұмысы тегін. Азаматтар қосымша сұрағын 7007 нөміріне хабарласып, қоя алады.

Анықтама

Hyundai Palisade 2026 — 2026 жылдан бастап сатыла бастаған, жетегі алдыңғы, үш қатарлы (жеті-сегіз орын) отбасылық көлік.

Контекст

Естеріңізге салайық, 7 наурыз күні АҚШ-тың Охайо штатында Hyundai Palisade көлігіндегі автоматты жиналатын орындықтың кесірінен бала қаза тапты. Қайғылы оқиғадан кейін Қазақстан азаматтары да Hyundai көлігіндегі жүйе қаншалық қауіпсіз екенін тексеріп жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да