Статистика. Қазақстанда қанша ұлт өкілі тұрады?

Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің қарсаңында елде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің санын жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Бюро мәліметінше, 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша ел халқының жалпы саны 20 532 240 адам болды.

Ұлттар бөлінісінде қазақтар басым – 14 664 202 адам. Одан кейін орыстар – 2 943 022, өзбектер – 695 557 адам. Алғашқы ондыққа сонымен қатар украиндар (367 547), ұйғырлар (309 164), немістер (222 890), татарлар (218 361), әзербайжандар (157 568), кәрістер (120 821) және түріктер (93 234) кірді. Сонымен бірге дүнгендер (88 165), беларустар (73 788), тәжіктер (61 307), күрділер (52 077) және қырғыздар (41 459) да елдегі ірі этностар қатарында, — делінген хабарламада.

Өңірлік бөліністе қазақтардың ең көп шоғырланған аймағы – Түркістан облысы, мұнда олардың саны 1,6 миллионға жетеді. Орыстардың басым бөлігі Алматыда тұрады – шамамен 428 мың адам.

Өзбектердің негізгі бөлігі де Түркістан облысында шоғырланған – 404 мың. Украиндардың көбі Қостанай облысында (83 мың), ал ұйғырлардың басым бөлігі Алматы қаласында тұрады – 124 мың адам.

Сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткіштер елдегі этносаралық келісім мен бірліктің жоғары деңгейде екенін көрсетеді.