Air Astana әуе компаниясының жаңа басшысы Ибрахим Жанлыел билет бағасының көтерілу-көтерілмеуіне қатысты пікір айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әуе нарығындағы дағдарыс
Оның айтуынша, әлемде авиакеросин бағасы 120% көтерілген. Ал отын шығындары әуе компанияларының жалпы шығынының шамамен 30% болады. Осы жағдайдың салдарынан бірқатар халықаралық әуе тасымалдаушылары банкроттық туралы жариялаған.
Өткен аптада бірнеше авиакомпания банкроттыққа өтініш берді, бүгін тағы екеуінің жабылғаны туралы ақпарат шықты. Бұл – өте маңызды жағдай. Жақын арада бұл мәселе шешіледі деп ойламаймын, – деді Ибрахим Жанлыел.
Сонымен қатар ол қиындықтармен бірге жаңа мүмкіндіктер де пайда болатынын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан бұл тұрғыда ұтымды жағдайда.

Билет бағасына не әсер етеді?
Компания басшысының айтуынша, әлемдік әуе тасымалдаушылар билет бағасын көтере бастаған. Ал Air Astana компаниясында пайдаланылатын отынның шамамен 70%-ы алдын ала тұрақты бағамен сатып алынған. Бұл жаһандық баға құбылуына тәуелдікті азайтады.
Ішкі рейстерде билет бағасын көтеру жоспарланып отырған жоқ. Бірақ қалған 30% бойынша әлемдік нарықтағы баға өсімі мен отын тапшылығы әсер етеді. Жалпы алғанда, біздің жағдайымыз басқа авиакомпанияларға қарағанда әлдеқайда тұрақты. Жолаушыларға билеттерді алдын ала сатып алуды ұсынамыз, – деді ол.
Айта кетейік, Ибрахим Жанлыел 2026 жылғы 1 сәуірден бастап Air Astana компаниялар тобының басшысы қызметіне кірісті. Ол бұл қызметте Питер Фостерді алмастырды. Питер Фостер 2026 жылғы наурыздың соңында бас атқарушы директор және директорлар кеңесіне мүше қызметтерінен кетті.
Еске салайық, Air Astana әуе компаниясы Sandyq қазақ тағамдарының мейрамханасымен бірлесіп, жолаушыларға арналған жаңа борттық мәзірді ұсынған болатын.
