Жұрт әлеуметтік желіде күні кеше қайтыс болған ақын Мұхтар Шахановтың атына көше беруді сұрап жатыр. Алматы әкімдігі Baribar.kz порталының ресми сауалына жауап берді.
Алматы әкімдігінің ақпаратына қарағанда, Мұхтар Шахановтың есімін қала көшелерінің біріне беру мәселесі мемлекеттік органдар мен комиссиялардың қарауына беріледі.
Бұл мәселе бойынша Алматы әкімдігінің қаулысы мен Алматы мәслихатының бірлескен шешімі арқылы Республикалық ономастика комиссиясына ұсыныс жолданады, — деді Алматының ішкі саясат басқармасындағы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет Baribar.kz порталына берген жауабында.
Оның айтуынша, әуелі Республикалық ономастика комиссиясы ақынның атына көше беруге келісуі керек. Бұл комиссияның құрамында көрнекті ғалымдар мен мемлекет және қоғам қайраткерлері болады. Содан кейін ғана Алматы әкімдігі мен Алматы мәслихаты қаладағы көшеге атау беру немесе қайта атау туралы бірлескен шешім шығарады.
Әкімдік «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» заңының 25-бабының 5-бөлімінде елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне және тағы басқа нысандарға қайраткерлердің есімі ол қайтыс болған күннен кемі бес жыл өткен соң беріледі деп жазылғанын еске салды.
Алматыда Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімі қалай өткенін мына жерден оқыңыз.
