Жұрт әлеуметтік желіде күні кеше қайтыс болған ақын Мұхтар Шахановтың атына көше беруді жазып жатыр. Бірі Тимирязев, ал енді бірі Розыбакиев көшесін Мұхтар Шахановтың атына ауыстыру керек екенін айтып отыр. Бұл ұсынысты қолдайтындар да, қарсы болып жатқандар да бар. Baribar.kz көшеге ақынның есімін беру туралы пікірлерді ұсынып отыр.
«Тимизязев көшесінің атауын ауыстыру керек»
Желінің Аknur.zh13 деген қолданушысы пікірінше, Тимизязев көшесінің атауын Мұхтар Шаханов көшесі деп ауыстыру керек. Мұхтар Шаханов кезінде аға-досы Тайыр Жароковқа өлең арнағанын айтты. Сонда Шаханов көшесі Жароков көшесімен қиылысар еді.
Шаханов — Жароков сияқты Алматының бір көшесінде аты күнде аталып тұруы керек аңыз ақын, ұлы ақын. Мен Тимирязев емес, Шаханов көшесі болғанын қалаймын! — деп жазды желі қолданушысы.

«Жароков бойындағы кездесу» деген өлеңнен үзінді:
Жайсаң жырдың дәмін тез айыратын,
Жасықтардың қанатын қайыратын.
Жиындар мен тойлардың мінбесінен
Көрінбейді бұл күнде Тайыр ақын.
«Розыбакиев көшесі Мұхтар Шаханов атына ауыстырылсын»
Желі қолданушысы Сәбит Бәйтенов Алматыдағы Розыбакиев көшесі Мұхтар Шаханов атына ауыстырылсын деп талап етті. Бұл жазбаға 14 мыңнан астам лайк басылып, 300-ден аса пікір жазылған.

Жұрттың бір бөлігі Розыбакиевтің қазақ жеріне еңбегі сіңгенін айтып, Гоголь, Гагарин, Пятницкий, Льдагина сынды көше атауын ауыстыруға болады деген пікір жазды.


Мұхтар Шаханов атамызға әр қаладан бір көше берсе де, артық етпейді, — дейді Тhreads қолданушысы Ләззат Сәкен.

Климент Тимирязев — өсімдік физиологиясы орыс мектебінің іргетасын қалаған табиғат, тіршілік пен фитосинтез процессін зерттеуші. Ол Егіншілік және орман академиясында оқытушы болған. Қазір бұл академияға Тимирязев атымен аталады.
Алматыда Бостандық ауданында Тимирязев атындағы көше бар. Ұзындығы — 4550 метр. Тимирязев көшесі Желтоқсан мен Жандосов көшелерінің арасын жалғап, Наурызбай батыр, Байтұрсынов, Марков, Манас, Әуезов, Жароков, Айманов, Розыбакиев көшелері, Сейфуллин, Гагарин даңғылдарымен қиылысады.
Абдолла Розыбакиев — публицист. Бұрынғы Верныйда (қазіргі Алматы) мұсылман жұмысшылар одағының хатшысы болған. Ол бастапқыда медреседе, кейін орыс мектебінде білім алған. «Камбағарлар авази» («Кедей дауысы») газетінің редакторы болды. Ашаршылық кезінде азық-түлік жеткізуге атсалысқан. 1937 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болған
Бостандық ауданындағы Райымбек даңғылы мен әл-Фараби даңғылына дейінгі аралықта Розыбакиев көшесі бар. Көшенің ұзындығы — 7000 метр. Бұл көше бұрын 17-ші линия көшесі деп аталған.
***
Тағы оқыңыз:

