Қазақстанда жалға беретін тұрғын үй бағдарламасының талабы күшейеді

Не болды?

Қазақстанда тұрғын үйді жалға алу құнының 50%-ын өтейтін мемлекеттік бағдарламаның ережесі өзгереді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Құжат «Ашық НҚА» сайтында жарияланды. Мақсат — қосалқы жалға беру (субаренда) схемасын жою. Субсидияны тұрғын үйді жалдап, өзі өмір сүріп жатқан адам ғана алуға тиіс.

Жалға алу ақысын субсидиялау деген нені білдіреді?

Бұл мемлекеттік бағдарлама 2022 жылдан бері бар. Бағдарлама бойынша, мемлекет азаматтың тұрғын үй жалдау ақысының жартысын төлейді.

Жыл сайын Отбасы банк, шамамен 10 мың отбасына осындай көмек береді. Бағдарламаға қатысу үшін банк, жалға алушы және үй иесі арасында үшжақты келісімшарт жасалады. Субсидияға өтінімді кез келген уақытта Оtbasybank.kz сайтынан беруге болады.

Бағдарламаға қатысқан кезде тұрғын үйдің ауданы мен жалдау ақысына қатысты шектеулер бар. Субсидияны тек мына санаттағы азаматтар ала алады:

  • көпбалалы отбасы;
  • ата-анасынан айырылған бала;
  • I және II топтағы мүгедектігі бар адам;
  • мүгедек баласы бар отбасы.

Олардың ай сайынғы табысы отбасындағы әр адамға шаққанда ең төмен шекті күнкөріс көрсеткішінен аспауға тиіс (2026 жылы — 50 851 теңге. Бес адамнан тұратын отбасының алатын жалақысы айына 254,2 мың теңгеге дейін болуы керек).

Енді не өзгереді?

1. Бәрі цифрлық форматқа көшеді. Енді өтінім беруден бастап тексеруге дейінгі барлық процесс цифрлық жүйе арқылы жүреді.

2. Тұрғын үйді тексереді. Әкімдік тоқсан сайын субсидия алған адамның шынымен сол үйде тұрып жатқанын, үйде бөгде адамдардың бар-жоғын, пәтер жалға берілмегенін тексеріп отырады.

3. Заң бұзғандарға шара қолданады. Пәтерде бөгде адамдар тұрып жатқаны анықталса, жағдайды түзетуге үш күн уақыт беріледі. Егер талап орындалмаса немесе заң қайта бұзылса, субсидия беру тоқтатылады. Бұл заң бұзған азаматқа бұдан кейін қайтадан субсидия берілмейді.

4. Туыстардан түрғын үй жалға алуға тыйым салынады. Бұрынғыдай азаматтарға туыстарынан, соның ішінде жұбайынан (бұрынғы жұбайынан да) тұрғын үйді жалға алуға тыйым салынады. Бұл талапты бұзғандарға да субсидия беру тоқтатылады.

Бұл өзгерістер 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді.

Контекст

Естеріңізге салайық, Түркістан облысында пәтер сатып алу бойынша заңсыз әрекет анықталып, 200 миллион теңге бюджетке қайтарылды.

ДереккөзKrisha.kz