2026 жылғы 19 сәуірде Алматыда тоғызыншы Almaty Half Marathon өтіп, оған әлемнің 44 елінен 10 мыңнан астам адам қатысты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Биыл жарысқа 821 шетелдік қатысушы арнайы келген. Бұл — кейінгі тоғыз жылдағы рекордтық көрсеткіш.
Қатысушылардың негізгі бөлігі Қазақстан азаматы болғанымен, халықаралық қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Шетелдік желаяқтар арасында Ресей (346), Қырғызстан (146) және Өзбекстан (81) алдыңғы қатарда. Сонымен қатар Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Украина және Беларусь елдерінен де қатысушылар болды, — делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттық туризм қаланың халықаралық беделін арттырудың тиімді құралына айналып отыр. Қор қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов дерегінше, басқа өңірлер мен шетелден келген қатысушылардың 79,3%-ы Алматыға қайта келуді жоспарлайды.
Жарыс барысында экологиялық талаптарға да ерекше назар аударылды. EcoNetwork серіктестігімен пластик қалдықтарды жинау және қайта өңдеу ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Жылу» жобасы аясында қатысушылар қалдырған киімдер мұқтаж жандарға таратылды. Биыл марафон қатысушылар үшін барынша қолайлы жағдаймен ерекшеленді: ана мен бала бөлмесі, арнайы санитарлық аймақтар және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инфрақұрылым қарастырылды, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, 31 мамырда өтетін Astana Half Marathon жарысына тіркелу жалғасуда. Сондай-ақ 27 қыркүйекте өтетін мерейтойлық Almaty Marathon додасына да өтінім қабылдау ашық.
