Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Алматыда жүргізушілер күтпеген жерден айыппұл алуы мүмкін

Фото: Нұрназар Әмзе
Алматыда жүргізушілер үшін жаңа бақылау форматы енгізілді. Енді жол қозғалысы ережесін бұзғандар жасырын патрульдердің назарына ілігуі мүмкін. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

ПД мәліметінше, қалада «STOP бұзушылық» тақырыбында ауқымды жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Оның аясында патрульдік полиция қызметкерлері азаматтық киімде, арнайы белгілері жоқ автокөліктермен жалпы көлік ағынында қозғалып, құқық бұзушылықтарды анықтап жатыр.

Жасырын патрульдердің негізгі мақсаты – жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерін, әсіресе агрессивті жүргізу фактілерін анықтау. Олардың қатарында күрт жолақ ауыстыру, «шахмат» тәсілімен жүру, басқа көліктерді қысып өту және апаттық жағдайлар туындату секілді әрекеттер бар. Тіркелген құқық бұзушылықтар туралы ақпарат нақты уақыт режимінде жақын маңдағы патрульдік полиция экипаждарына жолданады. Кейін олар көлікті тоқтатып, жүргізушіні заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартады, — делінген хабарламада.

Полиция деректеріне сүйенсек, бұл әдіс өзінің тиімдігін көрсетіп үлгерген. Мәселен, тек өткен демалыс күндері қалада агрессивті жүргізудің 28 дерегі анықталып, жолы кесілген. Барлық құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылды.

Құзырлы орган өкілдері жасырын патрульдеу жүргізушілердің тәртібін арттырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталғанын атап өтті. Әсіресе қауіпті жүргізу мәнерінен туындайтын апаттардың санын азайту басты мақсат болып отыр.

ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев бұл тәсіл көзге бірден түсе бермейтін құқық бұзушылықтарды анықтаудың тиімді құралы екенін айтты.

Оның сөзіне қарағанда, полиция қызметкерлері жалпы көлік ағынында жүріп, жүргізушілердің нақты мінез-құлқын бақылап, қауіпті әрекеттерді дер кезінде анықтайды.