Елде тек шетел азаматтарына арналған казинолар ашылады

ҚР ойын бизнесі туралы заңына енгізілген өзгерістер бойынша, елдің жаңа өңірлерінде казино ашылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Атап айтқанда, «Ойын-сауық мекемелерінің, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың (олардың кассаларының) орналасу орындары» туралы бапқа толықтырулар енгізілді.

Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында, Жетісу облысының Панфилов ауданында, Алакөл көлінің жағалауында, Алматы облысының Талғар ауданында, Марқакөл аумағында және Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында ойын-сауық орындары ашылады, — делінген құжатта.

Сонымен қатар заңда казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, тарихи-мәдени маңызы бар жерлерде, сонымен бірге қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мақсатындағы жерлерде орналастыруға тыйым салынатыны көрсетілген.

Бұдан бөлек, заң жаңа тармақпен толықтырылды. Онда жоғарыда аталған өңірлерде орналасатын казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға тек шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар, сонымен қатар сол мекемелердің қызметкерлері және қызметтік міндеттерін орындау мақсатында жүрген өзге де тұлғалар ғана кіре алатыны белгіленген.