Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Жас зерттеуші: Биотехнология арқылы ауруды жоюға болады

Фото: Жасанды интеллект
Аружан Кәукен –  әлеуметтік желіде ғылым жайлы қазақша блог жүргізетін жас зерттеуші. Ол Астанадағы физика-техникалық лицейде 11-класта оқиды. Зерттеуші 9-10-класта оқып жүріп-ақ, Ұлттық биотехнология орталығының тегін оқу грантын ұтып, зертханада білім алған әрі 2024 жылы ЮНЕСКО ұйымдастырған «Тұрақты жол» байқауының жеңімпазы. Топпен «Мұнара» деген жоба дайындап, 6 миллион теңге шәкіртақы жеңіп алған.
Baribar.kz тілшісі Аружанмен биотехнология саласы мен ғылыми блог жүргізу жайлы әңгімелесті.
Ғылым, зерттеу. Аружан Кәукен
Аружан Кәукен. Фото жеке архивінен ұсынылды

Аружан Кәукеннің айтуына қарағанда, биотехнология – тірі ағзадағы биологиялық процесті басқара отырып, ағзаның жұмысын өзгертіп, жаңа жасуша жасауға бағытталған сала. Ол биотехнология адамның қолайлы өмір сүруіне мүмкіндік беретінін айтты.

Тірі ағзаның гені мен құрылымын зерттеуден бөлек қазіргі қоршаған ортаға пайдалы бағытта жұмыс істеуге қызығамын. Мысалы, қазір көпшілік жиі ауырады. Жыл сайын климат өзгеріп, жаңа вирустар шығып жатыр. Биотехнология арқылы ауруды зерттеп, оны жою жолын ойлап табуға болады, — дейді ол.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от 🍃Biology🍃 (@mini.biology)

Жас зерттеушінің сөзіне қарағанда, биотехнология ауылшаруашылығын тиімді дамытуға мүмкіндік береді.

Биотехнологияны бидай өсіру мысалында қарастырайық. Бұл сала арқылы бидайдың өнімділігін арттырып, жаңа сортын шығарып, тіпті, зиянкес жәндіктерге төзімділігін қалыптастыруға болады, — дейді Аружан Кәукен.

ғылым, жас зерттеуші, Аружан Кәукен
Аружан Кәукен. Фото жеке архивінен ұсынылды

Жас зерттеуші үйінде ұлу асырайды. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында ұлу жайлы видео жариялаған еді.

Ахатина ұлуын асыраймын. Үйімде екі үлкен, сегіз кішкентай, жалпы 10 ұлу бар. Олардың жүні түлемейді, күй талғамайды. Мен үшін ұлудың баяу қозғалғанын бақылау терапия іспетті, — дейді ол.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от 🍃Biology🍃 (@mini.biology)

Аружанның ғылым жайлы блогын кішкентай балалар да, ересектер де көреді. Ол ақпарат бәріне түсінікті болуы үшін жеңіл әрі қарапайым сөздерді қолданады.

Күрделі ғылыми тақырыпты көпшілікке түсінікті тілде жеткізу үшін «ұқсастық» әдісін қолданамын. Күрделі терминді сипаты мен бейнесіне қарай күнделікті өмірде естіп жүрген сөзге алмастырамын. Мысалы, блогымда мүйізтұмсық деген жануар мүйізінің құрылымы жайлы видео жарияладым. Мүйіздегі кератин түтікшесін қораптағы макарондар деп түсіндірдім. Сондай-ақ, визуалды иллюстрация мен аудионы біріктіремін. Біреу мәліметті есту арқылы қабылдаса, енді бірі көру арқылы тез түсінеді, — дейді жас зерттеуші.

*** 

Тағы оқыңыз:

Томирис Құрманалина: Ғалым болу сәнге айналғанын қалаймын