Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.
Президент өз сөзінде білім мен ғылымды шекарасыз, бүкіл әлемге ортақ стратегиялық сала ретінде атап өтті. Оның айтуынша, форум жаһандық білім мен ғылымның даму бағыттары талқыланатын маңызды алаңға айналды.
Бұл – өте маңызды жиын. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдары Астанада бас қосып, білім мен ғылымның болашағы туралы пікір алмасып жатыр. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы университеттерді озық ой мен жаңа идеялардың орталығы деп атап, қазіргі жаһандық өзгерістер дәуірінде білім ордалары заман талабына сай болуы тиіс екенін айтты.
Онсыз ешқандай даму да, өркендеу де болмайды. Қазақстан білім мен ғылым жүйесін дамытуға айрықша мән беріп отыр. 2019 жылдан бері бұл салаға бөлінетін қаржы үш есе артты. Жоғары оқу орындарының дербестігі кеңейіп, зерттеу университеттері көбеюде, – деді президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заңның қабылданғанын, президент жанынан ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылғанын және жас ғалымдарға ерекше қолдау көрсетіліп жатқанын айтты.
Жоғары білімнің барша азаматқа бірдей қолжетімді болуы – аса маңызды міндет, – деп түйіндеді мемлекет басшысы.
