Томирис Құрманалина — 16 жасында кітап жазған жас ғалым. Ол биыл «Математикадан жасөспірімдер арасындағы Балқан олимпиадасы» деген кітап шығарды. Baribar.kz жас ғалымнан кітап жазу туралы сұрап, оның Қазақстандағы ғылымға көзқарасы жайлы білді.

«Кітап олимпиадаға дайындықты бірнеше есе жеңілдетеді»

Томирис Құрманалина Алматыдағы республикалық физика-математика мектебінде 11-класта оқиды. Ол 16 жасында олимпиадалық математика бойынша кітап жазды. Кітапта «Математика пәнінен жасөспірімдер арасындағы Балқан олимпиадасының» 1997-2022 жылдар аралығындағы есептері мен оның шешу жолдары жазылған.

Кітап 2022 жылғы күзде 1000 дана болып шықты. 129 беттік кітапты үш жыл жаздым. Негізі көп уақыт дерек жинауға кетті. Кітап жазу туралы ой да сол олимпиадаға дайындалғанда ақпарат таппай қиналғаннан туған еді, — дейді Томирис.

Томирис бұған дейін олимпиада есептерінің бәрі тек ағылшын тілінде жарияланғанын айтады. Ол кітапты ағылшын тілін білмейтін достарына көмектесу үшін шығарған.

Бұл олимпиада 1997 жылдан бері өтіп келеді. Олимпиада есептері мен оларды шешу жолы туралы ақпараттың бәрі ғаламторда ағылшын тілінде жарияланған. Сондықтан кітап ағылшын тілін білмейтін құрдастарым үшін өте пайдалы. Сонымен қатар бұған дейін кейбір қиын есептің шешімі де болмаған. Біз сол есептердің де шешу жолын тауып, кітапқа қостық. Бұл кітап олимпиадаға дайындықты бірнеше есе жеңілдетеді, — дейді жас ғалым.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Томиристің өзі 3-кластан бастап түрлі олимпиадаға қатысқан. Жеті жылда ол математика, астрофизика және бағдарламалау бойынша халықаралық олимпиадаларда жүлделі орын алған.

Бірақ бәрібір математиканы қатты жақсы көремін. Осы пән бойынша өтетін олимпиадаларға тым ұзақ дайындалатынмын. Бірақ олимпиадашылар үнемі тек сол байқау кезінде есеп шығарып, алатын жүлдесін алады да, кетеді. Мұның олимпиадашыдан басқа ешкімге пайдасы жоқ. Ал мен сол есептердің бәрін біріктіріп, басқа адамдарға да көмектескім келді, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кітап авторының сөзіне қарағанда, қазір оқырмандарының жас ерекшелігі де, қызығушылығы да әртүрлі. Томирис кітапты мұғалімдер де сатып алғанын айтты.

Физика және информатика пәні мұғалімдері де сатып алды. Негізі математика олар үшін негізгі пән емес. Бірақ олар жаңа нәрсе үйренгісі келетінін айтты. Сондықтан кітап жаңалыққа құмар кез келген адамға пайдалы, — дейді Томирис.

«Математиктер отбасынанмын»

Жас ғалым кітап жазу мен математикаға қызығушылығын оятқан ата-анасы екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, ата-анасы оны ерте жастан түрлі үйірмеге жаздырған.

Ата-анам мен әжем механика-математика мамандығында оқыған. Математиктер отбасынанмын десем де болады. Сондықтан олар менің де логикалық-математикалық қабілетімді шыңдағысы келген сияқты. Бес жасымда шахмат үйірмесіне беріп, кейінірек математиканы қоса бастаған. Қазір шахматтан «Екі дүркін Азия чемпионы» және «Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері» деген атағым бар. Физика-математика мектебіне келмес бұрын, музыкалық мектепте фортепиано класында оқығаным бар, — дейді ол.

Жас ғалым мұның бәрі бала Томирис үшін ауыр болды дейді. Бірақ уақыт өте өмірін осы үш үйірмесіз елестете алмайтын да болған.

Кішкентайымнан шахматты, математика мен музыканы қатар алып жүргендіктен, «шаршадым» деп еркелеген кездерім де болды. Қиналып, күйзеліске түскенім де есімде. Бірақ уақыт өте жай ғана үйреніп кететін сияқтысың. Себебі қазір математикасыз, шахматсыз немесе фортепианосыз өмірімді елестете алмаймын, — дейді Томирис.

«Академиялық білім алу ұят деген ой қалыптастырып жүрген блогерлер бар»

Бірақ Томирис фортепиано мен шахматты хобби көретінін айтты. Жас ғалым болашақта математика ғылымдары бойынша білімін тереңдете түскісі келеді. Ол Қазақстанда ғылым дамымаған деп есептейді.

Қазақстандағы ғылым дұрыс дамымаған, соған ішім күйеді. Оның үстіне қазір «Төрт жыл оқыма, ол кімге керек?» деп академиялық білім алу сәннен қалған, ұят деген ой қалыптастырып жүргерлер бар. Осы нәрсе тіпті ұнамайды. Қазір ортамдағы көп досымның блогер болып, түк істемей ақша тапқысы келетініне таңғаламын. Бір адам ғылыммен айналысуы керек қой. Бәріміз өмірімізді, ішкен-жегенімізді көрсете берсек, ел қайдан дамиды? — дейді ол.

Томирис кітап жазғанда да көмек сұрайтын ғалым таппағанын айтты. Бұл мәселе оның ғылыммен айналысуға деген ынтасын аша түскен.

Кітап жазғанда кімнен көмек сұрайтынымды білмедім. Бұған дейін олимпиада есептерін жинаған, маған көмектеседі-ау деген адамды, осы бағытта кітап жазудан хабары бар адамды көп іздедім, таппадым. Меніңше, ғалым болып та блогер болуға болады. Блог жүргізген соң, пайдалы дүние бере алуың керек. Мысалы, қазір мені танитындар да көбейіп келеді, сұхбатқа да жиі шақыра бастады. Осыны көрген достарым да «Ғылыммен айналысу тек бір бұрышта отырып, есеп шығару емес екен ғой» деп жатыр. Қазір блог арқылы жастарды, құрдастарымды ғылымға қызықтырсам деген ойым бар. Бұған қоса адамдар жап-жас болып та Қазақстан ғылымының дамуына үлес қосуға болатынын түсінсе деймін. Бізге ғылым тек 40-тан асқан адамдар айналысатын сияқты көрінеді де тұрады ғой, — дейді Томирис.

Ол жас мәселесі кітап жазуға да кедергі келтіргенін айтады. Томиристің сөзіне қарағанда, оның әлі кітап жазатын жасқа келмегенін айтып, сынағандар болған.

Кітап жазамын деп, эйжизмге ұшырадым. «Не істеп жүрсің, бұл жасыңда қандай кітап?» деп жасыма тиіскендер, менсінбей қарағандар болды. Бірдеңе істеу үшін міндетті түрде 30-ға толу керек сияқты. Басында бәрі сынап қарады. Қаржы жағынан да, дерек жинау жағынан да тек әкем мен сіңлім көмектесті. Бір жағынан бұған дейін ешкім олимпиада есептерін жинамаған соң, көбі менің не істеп жүргенімді түсінбеген де сияқты. Қазір біреу осындай идеяны қолға алса, қолдаушылар көп болатын сияқты, — дейді жас ғалым.

«Кітап жазған шығармашылық ләззат сыйлады»

Томирис кітап жазған қатты ұнағанын айтады. Оған бұл процесс оның тұлға ретінде ашыла түсуіне әсер еткен.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кітап жазу мені аша түсті. Көп сұхбат беріп, өзім жайлы, өнімім туралы дұрыс айтуды үйрендім. Ал бұрын байқауларға өтініш бергенде «Неге мен?» деген сияқты сұрақтарға жауап беруге қиналып-ақ қатыспай қалатынмын. Олимпиадаға дайындалғанда бекітілген формула бойынша бір есепті шығарасың, болды. Ал кітап жазу, түрлі шешу жолын жинақтау, әртүрлі дереккөз табу үлкен шығармашылық ләззат сыйлады. Бұған қоса кітап жазған үш жылда түрлі адаммен танысып, көп адамнан кеңес сұрадым. Мұның өзі мені тұлға ретінде аша түскендей. Себебі кітап жазбас бұрын, адамдармен көп араласпайтынмын. Тіпті, Instagram-парақшам жабық болатын, бірде-бір фото салмайтынмын, — дейді ол.

Кітаптың бағасы — 2000 теңге. Оны автордың өзінен алуға болады. Томирис әзірге кітапты қайта басып шығаруды жоспарлап отырған жоқ. Бірақ кітап бойынша кез келген ұсынысты қарастыруға дайын екенін айтты.

11-класқа өтіп жатырмын, сондықтан кітап жазуға уақыт бөле алмайтын шығармын. Кітап қазір тек орыс тілінде басып шығарылған. Оны жазу да оңай болған жоқ. Бірақ қазақ тілінде сөйлетін аудиторияның да сапалы білім алғанын қалар едім. Қаржыландыру жағы онсыз да қиын болды. Сондықтан кітапты қазақшаға аударамыз дейтін еріктілер болса, қуана келісемін — дейді Томирис.

Томирис қазір жазғы демалыста жүр. Бірақ ол басқа оқушылар сияқты демалып жүрген жоқ. Университет таңдап, болашағын ойлап жүр.

Мектеп бітірген соң Қазақстанда қалуым да мүмкін. Бірақ бір жағынан шетел көріп, Бостонда оқығым келеді. Білуімше, Бостонда жастардың керемет зиялы ортасы бар. Өзге елдің жастарымен араласуды қалаймын. Олардың ғылыммен қалай айналысып жүргенін көріп, біздегі ғылымның дамуына үлес қоссам деймін, — дейді ол.

Томирис алдағы 10 жылда Қазақстанда ғалым болу да сәнге айналғанын қалайды. Сол үшін қазір өзі де жас ғалым ретінде блог жүргізіп, әлеуметтік желіде белсенді болуға тырысып жүр.

 ***

Тағы оқыңыз:

Galym Project — жас ғалымдарды қолдайтын жоба