Әлеуметтік желі қолданушылары саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуда

Бүгінде осындай атаулы күндерді әлеуметтік желіде насихаттау үшін аватар-безендірулер сәнге айналуда. Ал бұл жолы аталмыш аватар-безендіруді блогер Данияр Алан Facebook әлеуметтік желісінде жасап шығарған.

31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу

Бәрімізге мәлім, 1937-1939 жылдар аралығында қазақтың бас көтерер зиялы қауымының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды. Қазақ даласы көкірегі ояу, көзі ашық арыстарынан айырылды. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана 1993 жылы сәуірдің 14-де «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, 1997 жылдан бастап «31 мамыр — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып ресми түрде жарияланды.

Ашаршылық пен репрессия тақырыбын айтпас бұрын, сол уақытты кезеңмен, саяси құрылыммен, тарихи деректермен қатар қарастырған жөн секілді. Алайда, осы күнге дейін тарихшыларымыздың басым бөлігі ашаршылық пен репрессия тақырыбына байланысты нақты деректер бере алмай келеді. Мұндай тұжырым айтуымыздың себебі де жоқ емес. Өйткені, «Қазақстан тарихы» оқулықтарында берілетін цифрлар бір-біріне кереғар. Мысалы, бірі 2 миллион қазақ қырылды десе, бірі 4 миллион дейді. Ал басқалары ашаршылық пен қуғын-сүргіннен 10 миллионға жуық қазақ қырылды дейді. Не десек те, Кеңес Үкіметінің солақай саясаты салдарынан атылған, қала берді аштыққа ұшыраған қазақтың санын миллиондап санауға болатыны ақиқат. Сондықтан да, 1937-1938 жылдардағы қанды оқиға жаңғырығы мәңгі ел жадында.

31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніНақақтан-нақақ ұлтымыздың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары «ұлтым», «халқым» деймін деп – «халық жауы» деген жала жабылып, атылып кетті. Талай бейбіт отбасылардың оты өшіп, ана жесір, бала жетім қалды. Түптеп келгенде, саяси қуғын-сүргін, аштық, өзге ұлттардың депортациясы барлығы тоталитарлық жүйенің орыстандыру-шоқындыру, бүтіндей бір ұлтты жою саясатының нәтижесі екені бәріне мәлім.

Ендеше, сол зұлмат уақытты кезеңдерге бөліп қарастыратын болсақ, ең алғаш большевиктер Әлихан Бөкейхан бастаған Алашорда қайраткерлерін биліктен ығыстырып шығарды. Одан кейін бұл үрдіс 1925-1930 жылдары қайта жалғасты.

Үшінші кезеңде 1937-1938 жылдары шарықтау шегіне жетті. Осы жылдары қазақ зиялылары: Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Абдулла Розыбакиев,­ Магази Масанчи, Ілияс Жансүгіров, Левон Мирзоян, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Халел Досмұханбетов, Жаханша Досмұханбетов атылды. Нәтижесінде ақтаңдақтарымыздың есімдері тарихта алтын әріппен жазылды.

Ал бүгін біз сол нәубетте жандарын пида еткендерді лайықты қастерлей алып жүрміз бе?

«Саяси қуғын — сүргін» ұғымы Қазақстан үшін ерекше мəнге ие. ХХ ғасырдың 20 — жылдардың соңындағы ­«Алашорда» қайраткерлерін қудалауды, 30-жылдардың басындағы халқымыздың тең жартысын жойған қолдан ұйымдастырылған аштықты, 1937-1938 жылдардағы ұлтымыздың ұйтқысы болған тұлғаларды тегіс тұтқындап, қырып-жойған жойқын жазалауды, ел басына түскен ауыртпашылықты адамдар санасында ешқашан ұмытылмауы тиіс. 30-жылдардағы репрессиялар жекелеген адамдардың тағдырларын күл-талқан етіп, олардың ұрпақтарының өмірін өксітуімен ғана емес, тарихтың талай беттерін де ұмыт қалдырды.
Тарихтың ащы сабағынан үйренбей, зерделемей бүгінгі тəуелсіздік алған елімізді ілгері дамыту мүмкін емес. Дегенмен, тəуелсіздігімізді алып, Қазақстан басылымдарында ұмыт болған арыс­тарымыз, салт-дастүріміз, тарихымыз жөнінде көптеген кітаптар жазылып, халықтың ойынан шығып жатыр. Жазықсыз жапа шеккендердің ішінде партия қайраткерлері де, ғалымдар да, қарапайым еңбек адамдары да бар. Шындығында, қуғын-сүргін құрбандарын саусақпен санай алмайсың, тізімдесең тізім де түгесіледі. Сол жылдары қазақтың қаймақ алды арыстарын атып, қолдан халықтың жауы жасады.

Тарихшылардың бағалауынша, одақ бойынша 1927-1953 жылдары 60 миллион адам, оның ішінде Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылса, тізімдегі 631 атылған адамның 80%-ы қазақтың белгілі, яғни алаштың арыстары болған екен. Сонымен қатар, 1911 жылы 8 жарым миллион қазақ болған, соның ХХ ғасырдың ортасында тек 2 жарым миллионы қалған деп те жазылған соңғы деректерде.

Әрине, бір-екі ауыз сөзбен бүкіл тарихтан сыр шерту мүмкін емес. Дегенмен, қазақтың қаймақтарының, алаш арыстарының көзін жойып, кейін қарапайым елге ауыз салып, оларды қынадай қырған зұлмат жылдарды ертеңгі ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз.