Астанада Түркология музейі ашылды

«2009 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркі академиясын құру туралы бастама көтергенде, академия жанында кітапхана және музей болсын деген еді. Біз сол музейді 2010 жылы құра бастадық. Бүгін, 25 мамыр Түркі академиясының дүниеге келгеніне тура 7 жыл толып отыр. Содан бері біздің музей дамыды, бізге кітапханалар сыйлаған құжаттар, түркологтардың өздері берген заттар, материалдық мұралар жинақталды. Сондықтан осыдан екі жыл бұрын Түркология музейін ашсақ деген ортақ байламға келдік.  Себебі Түркі әлемінің мәдени мұралары бүгінге дейін зерттелуде, бірақ оларды зерттеуші тұлғалар туралы мәліметтер жоқтың қасы. Осы орайда біздер олардың тұтынған заттары, құжаттары, қолжазбалары тұратын Түркология музейін ашу жөніндегі бастаманы жалғастырып, 26 мамыр күні Астанада өтетін «Ұлы дала» ІІ гуманитарлық ғылымдар форумының қарсаңында осы музейді ашып отырмыз», — деп тоқталды «Егемен Қазақстан» газеті АҚ басқарма төрағасы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.

Осы орайда ол бүгінде түркі тарихын зерттеуші тұлғалардың тағдыры көпшілікті қызықтырып отырғанын атап өтті.

«Көптеген түркологтардың тағдыры қиын болғанын білеміз. Мысалы, олардың көпшілігі 1926 жылы Бакуде өткен Түркология конгресінен кейін атылып кеткен, қуғын-сүргінге ұшыраған. Біздің музейде осы қиындықтарды бастарынан өткерген түркологтардың құжаттарын көруге болады. Бұл тұрғыда олардың сол кездерде қандай ауыртпалықпен жұмыс істегенін көре аласыздар. Сондықтан таныстырылып отырған мұраның барлығы бүгінгі ғалымдарға үлкен өнеге деп ойлаймын», — деді Д.Қыдырәлі салтанатты шараға келген журналистермен әңгімелесе отырып. Оның сөзіне қарағанда, жинақталған экспонаттар өте көп.

Түркітану саласында алғаш рет ұйымдастырылып отырған экспозицияда әйгілі түркітанушы ғалымдар Әбдуәли Қайдар, Әбжан Құрышжанов, Әмір Нәжіп, Рәбиға Сыздық пен Осман Фикри Серткаяның  және басқа да ғалымдардың жеке тұтынған дүниелері, бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған күнделіктері мен қолжазбалары ұсынылған.

«Болашақта Академияның музейі үлкен ғимаратқа көшіп жататын болса, Түркология музейі де әлемдегі алғашқы салалық музей ретінде Қазақстанның тартымды орындарының біріне айналады деген ойдамыз.  Әрине, түркология бағыты өте күрделі сала. Ғалымдар көптеген машақатпен археологиялық, қолжазбалық немесе зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Осылардың барлығы бүгінге мұра болып жетуде. Дегенмен де көне кітаптарды, қолжазбаларды бір орталыққа жинақтау оңай емес. Қазіргі кезеңде кітапханамыз өте үлкен кітап қорына ие болып отыр, музейімізге де түркі тарихына, өркениеті мен мәдениетіне байланысты материалдық мұраны жинаудамыз»,- дейді Түркі академиясының президенті.

Салтанатты шараға Әзербайжан, Ресей, Түркия, Өзбекстан мен Моңғолиядан келген ғалымдар, зиялы қауым және баспасөз өкілдері қатысты. Бұл шара ертең, 26 мамыр күні Астанада өтетін «Ұлы дала» ІІ гуманитарлық ғылымдар форумы аясында ұйымдастырылған. Аталған форумға Америка мен Азия елдерінен 300-ге жуық ғалым қатысады деп күтілуде.

 

ДереккөзInform.kz