Қазақстанда биыл 90 жаңа мектеп салынады

Оқу-ағарту министрлігі апатты, үшауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Министрліктің мәліметінше, биыл 47 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр.

Жаңа оқушы орындарын пайдалануға беру арнайы мемлекеттік қор қаражаты, білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет қаражаты мен жеке инвестициялар тарту есебінен жүзеге асырылады.

Жаңа мектептердің басым бөлігі Астана, Шымкент қалаларында, сонымен қатар Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында салынып жатыр. Қосымша химия, физика, биология, робототехника және STEM бағыттары бойынша 1000 заманауи пәндік кабинет сатып алынып, орнатылып жатыр. Кейінгі үш жылда 4320 пәндік кабинет сатып алынды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымы форматына көшу үшін 2029 жылға дейін 1300 мектепті, оның ішінде ауылдық жерлердегі 900 мектепті реновациялау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 209 мектепте жұмыстар аяқталды, ал 2026 жылы тағы 98 мектепте реновация жұмыстары жалғасып жатыр. Реновациядан өткізуде мектептерді күрделі жөндеу, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, спорт залдарын салу немесе реконструкциялау, қоғамдық кеңістіктерді жабдықтау, сонымен бірге қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету қарастырылған, – делінген министрлік хабарламасында.