Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Шымкент көшесіндегі төбелес: 3 қылмыстық іс қозғалды

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Шымкентте жол ортасында болған төбелес пен кісі өліміне қатысты үш қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы ІІМ орынбасары Санжар Әділов айтты.

Атап айтқанда, кісі өлтіруге оқталу және кісі өлтіру, адам ұрлау, сонымен қатар қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта бірқатар күдікті қамауға алынған. Оқиғаның мән-жайын жан-жақты тексеру үшін Шымкент қаласына ішкі істер министрлігінің орталық аппаратынан криминалдық полиция, тергеу департаменті және өзіндік қауіпсіздік департаментінің басшылық өкілдері жіберілген. Олар қызметтік тексеріс жүргізіп, полиция бөлімшелерінің әрекетіне баға береді, — деді Санжар Әділов.

Оның айтуынша, бұл іс бойынша әлі де ұсталмаған күдіктілер бар. Қазіргі таңда полиция барлық қатысы бар тұлғаны анықтап, ұстау үшін жедел-іздестіру іс-шараларын жалғастырып жатыр.

Еске салайық, Шымкентте жол апаты жаппай төбелеске ұласты. Оқиға салдарынан 40 жастағы ер адам пышақ жарақаттарынан қаза болды, тағы бір азамат ауруханаға жеткізілген. Қанды қылмыс 20 қаңтар күні Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған.

21 қаңтарда төрт күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.