2025 жылы Қазақстанда жұмысынан айырылуына байланысты МӘСҚ әлеуметтік төлем алған азаматтардың саны 354,2 мың адам болды.
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр.
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылы 311,9 мың адамға бұл төлем алғаш рет тағайындалған. Жыл бойы төленген әлеуметтік төлемдердің жалпы көлемі 130,4 миллиард теңгеге жетті.
Қолданыстағы заңнама бойынша, жұмыстан босатылған азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен кейінгі 24 айдағы табысына байланысты бір айдан алты айға дейін әлеуметтік төлем алады. Төлем мөлшері жоғалған табыстың 45%-на дейін жетеді және МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Әлеуметтік төлем алу үшін азаматтар eGov.kz порталы немесе Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы жұмыссыз ретінде тіркелуге тиіс. Жұмыс табылмаған жағдайда, үш жұмыс күні ішінде жұмыссыз мәртебесі қашықтан беріледі, — делінген хабарламада.
Министрлік жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға төлемді тағайындау процесі проактивті форматта жүргізілетінін атап өтті. Яғни МӘСҚ-тан төлем тағайындауға келісу үшін ұялы телефонға SMS-хабарлама жолданып, азаматтың келісімі алынған соң төлем автоматты түрде рәсімделеді.
Айта кетейік, бұл әлеуметтік төлем жұмыстан босатылу себептеріне қарамастан төленеді және азаматтарды жаңа жұмыс тапқанға дейін қолдауға бағытталған.
