Көлік министрлігі №109/110 «Ақтөбе – Маңғыстау» бағыты бойынша жолаушылар теміржол қатынасының қайта жанданғанын хабарлап отыр.
Бұған дейін аталған бағытта жеке тасымалдаушы — «Otpan Logistik» ЖШС қызмет көрсеткен.
Министрлік мәліметінше, вагондардың техникалық жай-күйіне байланысты жолаушылардан көптеген шағым түскен. Сонымен қатар жылжымалы құрамды жаңарту жөніндегі міндеттемелердің орындалмауына байланысты компаниямен жасалған келісімшарт бұзылған.
Қазіргі таңда жолаушылар тасымалы ұлттық тасымалдаушы — «Жолаушылар тасымалы» АҚ құрамындағы пойыздар арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Пойыз отандық өндірісте шығарылған жаңа жолаушылар вагондарымен қамтамасыз етілді. Құрамында бес купе және алты плацкарт вагоны бар. Бір бағыттағы жалпы сыйымдылығы 400-ден астам жолаушыны құрайды. Вагондар қауіпсіздік пен жайлылықтың заманауи талаптарына толық сай, — делінген хабарламада.
Купе вагондары эргономикалық орындармен, жеке жарықдиодты шамдармен, USB-порттармен және электр розеткаларымен жабдықталған. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар жолаушыларға арналған арнайы купелер, мүгедектер арбасына арналған орындар және жолсерікті шақыру түймесі қарастырылған.
Көлік министрлігі әлеуметтік маңызы бар бағыттарда тұрақты жолаушылар қатынасын қамтамасыз ету және жолаушылар паркін кезең-кезеңімен жаңарту бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеп отыр.
