Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Шахматшы Бибісара Асаубаева үш мәрте ӘЧ болды

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Не болды?

Қазақ шахматшы Бибісара Асаубаева Дохада өтіп жатқан әлем чемпионатында блицтен (шахмат түрі) үшінші мәрте әлем чемпионы болды. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясы хабарлап отыр.

Мәлімет

Ол финалда украин шахматшысы Анна Музычукты жеңді. Енді Бибісара Асаубаева 2026 жылы әлемдік шахмат тәжі үшін өтетін үміткерлер турниріне қатыса алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісара Асаубаеваны жеңісімен құттықтап, оны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттайтынын айтты.

Бибісара Асаубаева Қазақстаннан шыққан блицтен үш дүркін әлем чемпионы және майталман шебер ретінде дүниежүзілік шахмат тарихына енді. Қазақстан шахмат қауымдастығы мемлекетіміздің көк туын жаһандық аренада биік желбіреткен отандасымыздың жеңісін мақтан тұтады. Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстардағы айтулы жетістіктері мен ел шахматын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым, – делінген президент құттықтауында.

Анықтама

Бибісара Асаубаева — Тараздан шыққан 21 жастағы шахматшы. Ол бұған дейін 2021 және 2022 жылдары әлем чемпионы болған. 2021 жылы рапидте әлемнің вице-чемпионы болды.

Блиц – жылдам ойналатын шахмат түрі. Әдетте әр ойыншыға 3-5 минут қана беріледі. Мұнда тез ойланып, бірден шешім қабылдай білу қажет.

Контекст

Естеріңізге салайық, Бибісара Асаубаева Кипрдегі гран-приде алғаш рет жеңген.

Бибісара Асаубаева әлемдегі ең мықты гроссмейстердің бірін жеңген еді.

Мақалаға реакция