Қазақстанның 17 облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды

«Қазгидромет» синоптиктері 27 желтоқсан күні еліміздің 17 облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту жариялады.

Алматы қаласы мен Қонаевта түнде тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады. Алматы облысының оңтүстігі мен таулы аймақтарында да тұман мен көктайғақ күтіледі, облыстың шығысында желдің екпіні секундына 18 метрге дейін жетеді.

Ақмола облысының батысы, солтүстігі және шығысында тұман түседі, ал желдің екпіні кей жерлерде 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Көкшетауда да қатты жел болжанып отыр.

Түркістан облысының батысы, оңтүстігі және таулы өңірлерінде қар жауып, жаяу бұрқасын соғады, тұман мен көктайғақ болады. Шымкент пен Түркістан қалаларында да тұман мен тайғақ жол күтіледі.

Атырау облысының батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман мен көктайғақ байқалады. Қарағанды облысының бірқатар өңірлерінде де тұман түседі.

Маңғыстау облысында жауын-шашын (жаңбыр мен қар), жаяу бұрқасын, көктайғақ және желдің екпіні 15–20 м/с күтіледі. Ақтауда да жел күшейеді.

Батыс Қазақстан облысында қар жауып, жаяу бұрқасын соғады, кей өңірлерде тұман болады. Синоптиктердің болжамынша, 27 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында облыста қар мөлшері нормадан артық түсуі мүмкін. Орал қаласында да қар мен боран күтіледі.

Жамбыл облысының таулы және солтүстік-шығыс аудандарында қар жауып, көктайғақ болады, тұман түседі. Осы кезеңде облыстың кей өңірлерінде жауын-шашын нормадан артық болуы ықтимал.

Павлодар, Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстарында да тұман, көктайғақ және желдің күшеюі болжанып отыр. Жетісу облысында жел екпіні кей уақытта 28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Синоптиктер тұрғындарды жолда абай болуға, ал алыс сапарларды жоспарлағанда ауа райы жағдайын ескеруге шақырады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да