«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ел аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет жариялады.
Ұлттық компанияның хабарлауынша, 2025 жылғы 25 желтоқсан сағат 07:00-ден бастап Атырау облысында республикалық маңызы бар «Ақтөбе — Қандыағаш — Доссор — Атырау — РФ шекарасы» автожолының 690–834-шақырым аралығы (Аққыстау ауылы – Құрманғазы ауылы) автокөліктің барлық түрі үшін қайта ашылды.
Алайда қолайсыз ауа райына байланысты бірқатар өңірде жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына енгізілген шектеулер әлі күшінде.
Ақмола облысында:
-
«Астана — Көкшетау — Петропавл» автожолының 18–232-шақырым аралығы (Астана – Щучинск);
-
«Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы» автожолының 16–200-шақырым аралығы (Астана – Павлодар облысының шекарасы).
Павлодар облысында:
-
«Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы» автожолының 200–254-шақырым аралығы (Ақмола облысының шекарасы – Шідерті кенті).
Сонымен қатар тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Аталған шектеу «Өскемен — Алтай — Катонқарағай — Рахман қайнары» автожолының 46–66-шақырымындағы (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) учаскесінде қыс мезгілі аяқталғанша сақталады.
Бұдан бөлек, 2025 жылғы 25 желтоқсан сағат 08:00-де Ақмола облысында қалың қар мен көктайғақ салдарынан «KAZ 01 Астана — Қарағанды — Алматы» автожолының 30–92-шақырым аралығында (Жібек жолы кенті – Анар станциясы) барлық көлік түрі үшін жылдамдық 80 шақ/сағ-тан 60 шақ/сағ-қа дейін төмендетілді.
Ал Павлодар облысында «Қалқаман» жолайрығы уақытша жабық. Бұған жолайрықтағы көпір құрылымының шеткі арқалықтарының зақымдануы себеп болған. Қалқаман кентіне кіреберіс пен Астана бағытына шығатын жолдар жабылған.
