Қазақстанда апат қаупі жоғары 50-ге жуық жол учаскесі бар

Қазақстанда апат қаупі жоғары 50-ден астам жол бөлігі анықталды. Бұл туралы көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров үкімет кулуарында айтты.

Вице-министрдің айтуынша, қауіпті учаскелерде жылдамдықты шектеу, жол белгілерін орнату және қауіпсіздікті күшейту бағытында кешенді шаралар жүргізіліп жатыр.

Ең апатты учаскелер анықталды. Қазір осы жолдарда жылдамдықты төмендету, қажет белгілерді орнату бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бұл шаралар жалғасады, – деді Мақсат Қалиақпаров.

Оның айтуынша, Ақтөбе облысындағы қауіпті жолдардың біріне өзгерістер енгізілгеннен кейін ол жерде жол-көлік оқиғалары тіркелмеген.

Қазақстан бойынша мұндай учаскелер 50-ге жуық. Барлық өңірде жұмыстар атқарылып жатыр. Жол белгілері қойылып, ерекше бақылау күшейіп жатыр. Бұл шараларды ІІМ және ТЖМ қызметтерімен бірге атқарып жатырмыз, – деді ол.

Министрлік дерегінше, биыл жолдарды жаңғырту жұмыстары 13 мың шақырымды қамтыған.