Не болды?
Каспий теңізі жағадан 30 шақырым жерге дейін шегініп, екі бөлек көлге бөлінуі мүмкін. Бұл туралы Әзербайжан баспасөзі Minval.az хабарлап отыр.
Мәлімет
Гайдар Әлиев атындағы география институты қызметкерлері Каспийдің тартылуы уақытша емес екенін айтып отыр. Бұл — аймақтың келбетін түбегейлі өзгертуі мүмкін ірі процестің бірі.
Институттың ғылыми қызметкері Мирнұх Исмаилов су деңгейінің төмендеуіне тектоникалық процестер себеп дейді. Оның айтуына қарағанда, Каспий теңізі тауы жас аймақта орналасқан. Кавказ таулары әлі де көтеріліп жатыр, ал мұндай тектоникалық қозғалыс судың тартылуына әсер етеді.
Екіге бөлінуі мүмкін
Исмаилов болашақта Каспий екі бөлек су айдынына: солтүстікте Дербент ойпатында және оңтүстікте Ләнкәран ойпатында орналасқан жүйелерге бөлінуі мүмкін екенін ескертеді. Бұл — баяу жүретін, бірақ салдары үлкен процесс.
Контекст
Естеріңізге салайық, Атырау облысында аңшылар Каспий теңізінің тартылғанын бейнежазбаға түсірген еді. Бұрын су түбінде болған Қашаған кен орны аралдары құрлыққа айналып жатыр.
