Алматыда бір тәулікте айлық норманың жартысына тең жауын жауды

Алматыда кейінгі тәулікте шамамен 20 миллиметр жауын-шашын түсті. Бұл – қараша айына арналған айлық норманың жартысына тең.

Бұл туралы қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы хабарлап отыр.

Қалада коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Көшелерді қар мен сулы қардан тазарту және көктайғақтың алдын алу жұмыстары 4 қараша күні сағат 20:00-де басталған. Осы уақыт ішінде магистральдар екі рет тазартылып, жолдарға көктайғаққа қарсы қоспалар себілді. Әсіресе көпірлер, жолайырықтар, өрлер мен жаяу жүргіншілер өткелдері ерекше бақылауға алынған, — делінген хабарламада.

Қазіргі таңда жұмысқа 900-ден астам техника және 2 500-ден астам қызметкер, соның ішінде кезекші және патрульдік бригадалар тартылған. Тазалау барысында құм себетін машиналар, сыпырғыш техникалар және тиегіштер қолданылып жатыр.

Ауа температурасының төмендеуіне байланысты таулы аймақтарда көктайғақ байқалған. «Алматы Тазалық» және мердігер ұйымдар тайғақ учаскелерге қоспа сеуіп, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр.

Жол мен тротуарды тазалау жұмыстары тәулік бойы жалғасады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да