Алматыда қысқы кезеңде веложолдардың қоршауы алынады

3 қарашадан бастап Алматының жол қозғалысын және жолаушылар тасымалын ұйымдастыру басқармасы веложолақтардың бойына орнатылған сигналдық боллардтарды алу жұмыстарын бастады.

Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Бұл шешім жолдарды қар мен мұздан кедергісіз тазалау және көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданды.

Уақытша қоршауларды алу коммуналдық қызметтердің механикалық тазалау жұмыстарын тиімді орындауына, жол жиегінде қар үйінділерінің жиналуын болдырмауға, сонымен қатар жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, велоинфрақұрылым сақталады және өз қызметін жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарына сәйкес жалғастыра береді.

Сонымен бірге жүргізушілер мен жүргіншілерге жол қозғалысы ережелерін, сонымен бірге жол белгілері мен таңбаларын қатаң сақтауды ескертті. Бұл талаптардың орындалуына құзырлы органдар бақылау жүргізеді.

Қала қызметтері қысқы кезеңге дайындық шараларын жалғастырып, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге күш салып жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да