Қазір мектепте оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беретін профориентолог бар. Бұл маман оқушыны психика тұрғысынан қолдап қана қоймай, болашақ кәсібіне бағыт береді. Ustaz.pro білікті арттыру орталығының бас директоры Рамиль Қабдуалиев профориентолог қызметінің маңызын түсіндірді.

Профориентация – оқушыға саналы түрде мамандық таңдауға көмектесу. Педагог Рамиль Қабдуалиевтің айтуынша, көбі профориентолог оқушыларды колледж бен университетпен таныстырып, оқу орындарын мектепке шақырып қана қояды деп ойлайды. Алайда бұл – олардың жұмысының бір бөлігі ғана.

Рамиль Қабдуалиев
Рамиль Қабдуалиев. Фото: Ustaz.pro

Профориентолог оқушының қабілетін, не нәрсеге қызығатынын, бейімін, қарқынын, құндылығын, өмірлік мақсатын анықтайды. Осылай, баланың арманы мен бойындағы қабілеті қаншалық үйлесетінін, оған қай салалар сай келетінін түсініп, соны ұсына алады, – дейді маман.

Сонымен қатар профориентолог оқушы таңдаған мамандықтың сұранысы қаншалық көп, табысы қаншалық мол екенін білу үшін еңбек нарығын зертеп, үнемі бақылап отыруға тиіс. Өйткені қазір заман тез дамитыны сонша, бірнеше жылда кейбір мамандық жойылып, енді бірі өзгеріп кетеді. Тіпті, жаңа мамандықтар пайда болып жатыр.

Бұл оқушы қалауы мен қабілетіне ғана сеніп, кейін ересек өмірде еңбек нарығында  орнын таппай қалмасы үшін керек. Сондықтан профориентация «Не қалаймын? – Не істей аламын? – Не қажет?» деген сызба бойынша бағыт береді, – дейді орталық басшысы.

Профориентолог оқушыға кәсіби бағдар беру үшін жеке немесе топтық жұмыс жүргізіп, түрлі әдіс-тәсіл, құрал қолдана алады. Мәселен, сауалнама жасай алады, психология картасын құрып, мамандықтарға қатысты ойындар, экскурсиялар ұйымдастыра алады.

Профориентолог жұмысында Голланд тестін, Климов тестін, DISC әдістемесін,  психогеометриялық тестін, Qabilet-ті, «Атамекен» академиясын, Атлас мамандықтар мен құзыреттер кітабын қолдана алады. Мәселен, мамандықтар Атласы бойынша, алдағы 5-10 жылда тау-кен-металлургия, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, транспорт-логистика, IT, машина жасау, туризм, энергетика, құрылыс сияқты мамандықтар ел экономикасында басым салалар болмақ. Баланың қызығушылығы мен бейіміне қарап, осы саланың бірін немесе бірнешеуін ұсынуға болады, – дейді маман.