Дебат — мақсатты, ретке келтірілген көзқарас, пікір мен идея алмасу. Әлемдік тәжірибеде жастардың дебат қозғалысы ерекше әлеуметтік құбылыс саналады. Халықаралық мектеп лигасы дебат қауымдастығына 50 ел кіреді. Дебат саясат, бизнес, әлеуметтік қызмет, білім беру, психология және тағы басқа салаларда қолданылады.

Жоғарғы сыныптың оқушылары арасында дебат өткізудің ең көп таралған форматтарының бірі — 1993 жылы «Ашық қоғам» институты құрған Карл Поппер атындағы дебат. Тұлғаны жан-жақты дамыту мен ынталандыруды қамтамасыз ету мақсатында Францияда және басқа еуропалық елдерде балалар мен жастар арасындағы дебат кеңінен қолданылады. Ұлыбритания, Франция, Германия, Австрия және тағы басқа елдердің оқу орындарында ашық қоғамда белсенді азамат қалыптастыру мақсатында «Дебат» бағдарламалары құрылған. Дебат Қазақстанда гуманитарлық білімді жаңарту мен өзгерту мақсатында 1996 жылғы сәуірде «Сорос-Қазақстан» қорымен басталды.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің қазақстандық педагогтар арасында жүргізген сауалнамасының нәтижесінде оқушылардың адамдармен қарым-қатынас жасауында, байланыс орнатуында кінәрат бары анықталды. Дебатқа қатысушылардың 69%-ының коммуникатив құзыреттілік деңгейі, атап айтқанда, танымдық және мотивациялық компоненттері жеткіліксіз деңгейде болса, 29%-ында орташа және тек 2%-ында ғана жоғары екені байқалған. Жоғарғы сынып оқушыларының 19%-ында ғана адамдармен тез қарым-қатынас орнату қабілеті болған.

Қазіргі уақытта мектепішілік дебат қозғалысын дамыту — өзекті мәселе. Себебі оқушылардың бойында саяси мәдениетті, өз әрекеті үшін өзі және қоғам алдында жауапкершілікті, шығармашыл және сыни ойлау қабілетін қалыптастыру қажет.

Жуырда ҚР Білім және ғылым министрлігі «Ұшқыр ой алаңы» аталатын оқушылардың тұңғыш республикалық дебат турнирін ұйымдастырды.

Ақтөбедегі №55 жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Темірлан Есеновтің дебат ойындарына қатысып жүргеніне төрт жыл болған. Мектеп лигалары арасында өтетін республикалық турнирлер оның көп дос тауып, шығармашыл, сыни ойлау қабілетін арттырып қана қоймай, білім грантын жеңіп алуына да ықпалын тигізген. Темірлан Есенов алғашқы республикалық дебат турнирінде қазақ лигасында ойнап, бірінші орынды жеңіп алды.

НАРХОЗ университетінде өткен турнир. Фото жеке архивінен

Пікірсайысқа 7-сыныбымнан қызықтым. Пікірсайыс менің кез келген ортада лидер болуыма, ойымды ашық, еркін айтуыма әсер етті. Жалғыз маған ғана емес барлық пікірсайысшыларға осындай пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Тағы бір пайдасы өзім сияқты, қызығушылығымыз сәйкес келетін достар таптым. Әсіресе, қазақ пікірсайысында достық бірінші орында тұрады, — дейді ол.

Темірланның айтуынша, ол болашақта маркетолог болғысы келеді. Дебат оның мектепті бітірмей жатып-ақ жоғары оқу орнына түсуіне мүмкіндік берген.

Қазір Қазақстанда IT мен маркетинг саласы енді-енді дамып келе жатыр. Бұл салалар сөзге шеберлікті, қаржы сауаттылығын, ұйымдастыру, басқару қабілетін талап етеді. Ал пікірсайыс менің бұл қабілеттерді игеруіме ғана емес, қалаған мамандығымда «Нархоз» университетінің төртжылдық грантын жеңіп алуыма мүмкіндік берді. Білім грантын осы университет ұйымдастырған пікірсайыс турнирінде жеңіп алдым, — дейді Темірлан Есенов.

Темірлан Есенов
Фото жеке архивінен

Жас оратордың пікірінше, мемлекет тарапынан да бизнес ашуға, жастардың дамуына қолдау көрсетіліп жатыр. Ол осы мүмкіндікті, пікірсайыста жинаған қабілеттерін пайдалана отырып, елдің көркеюіне үлес қосқысы келеді.

дебат турнир
ҚР БҒМ Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы

Республикалық турнирге келудегі басты мақсатым жеңу ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен келген пікірсайысшылармен танысып, достасу, — дейді Темірлан.

Төрешілердің ойыншыларды бағалайтын критерийлері

Дінмұхамед Әбдірахманов, орыс лигасының бас төрешісі:

Дінмұхамед Абдурахманов
Дінмұхамед Әбдірахманов. Фото жеке архивінен

Қазақстанда алғаш рет өткізілген республикалық оқушылар дебаты Карл Поппер форматында өтті. Мұнда фракцияға қойылатын басты талап — позициясын логикалық тұрғыдан дәлелдей алу. Ойындағы үкіметтің позициясы — алаң жасау, оппозициянікі — үкіметтің идеясына қарсылық келтіру, қабылдау немесе қате табу. Бұл — ойыншыларға қойылған бірінші критерий. Екінші критерий — кейсте бос орын қалдырмай, рет-ретімен позицияны дәлелдеуі. Үшіншісі — позициясын моральдық тұрғыдан дәлелдейтін анологияның, салыстырудың болуы. Ойыншы қарсылас фракция идеясының жағымды тұсын көріп, бірақ өздерінің идеясы оған қарағанда әлдеқайда маңызды екенін дәлелдеп шығуы керек. Ал төртінші критерий, бірақ маңызы бойынша бірінші болатын талап — идеяның адамға пайдасы. Дүниедегі кез келген іс, жаңалық адам игілігі үшін жасалып жатыр. Қандай да болмасын саланың атқарып жатқан жұмысы адамға арналады. Мысалы, зауытты не үшін салады? Адамдарға қажет өнімді шығару үшін. Телефонды неге ойлап тапты? Адамдар бір-бірімен байланысу үшін. Сондықтан пікірсайыстың өзінен адамдар керегін алуы керек. Ойынды көріп отырған төреші немесе көрермен фракцияның сөзінен, идеясынан пайдалы ақпарат ала алса, мақсат орындалады. Себебі жеке адам қоғамды, қоғам мемлекетті құрайды. Осы төрт критерийге сай фракция жеңіске жетуге лайық.

Гүлбағыш Бостан, қазақ лигасының бас төрешісі, «Қазақ радиосы» Алматы студиясының журналисі:

Гүлбағыш Бостан
Гүлбағыш Бостан. Фото жеке архивінен

Пікірсайысшы балалардың ойлау жүйесі, болашаққа көзқарасы мені таңғалдырды әрі қуантты. Салыстырмалы түрде айтайын, демалыста өз балаларыммен ойын-сауық орталығына бардық. Сонда жүрген балалар мен пікірсайысшыларды салыстырдым. Үш сағат жүріп, бақылап отырдым. «Жастардың тынысы қандай? Немен айналысады? Қай бағытта келе жатыр?» деген сұрақтарға жауап іздей бастадым. Сауда орталығында жүрген балаларды зерттей келе мақсатсыздары көп екенін байқадым. Мысалы, 4-5 бала пиццерияда отыр. Ата-анасының ақшасына интернет қосып алып, бір-бірімен сөйлесуге шамасы жоқ — телефонға кіріп кеткен, тапжылмастан үш сағат отырды. Ол жақтан шығып республикалық турнирге қатысып жатқан пікірсайысшы балаларды көріп, мүлдем басқа әлемге түскендей болдым. Қателеспесем, пікірсайыс Қазақстанға 1996-1997 жылдары келді. Біз сол кезде ең алғашқы ойыншылары болдық. Рауан Кенжеханұлы, Мақсат Жақаулар да осы пікірсайысқа қатысқан. Кейін «Азамат» жастар парламенті бағдарламасы шықты. Тележоба жабылғаннан кейін пікірсайыс тоқтап қалғандай көрінген. Бірақ қазір барлық оқу орнында пікірсайыс клубы ашылған, өзара турнирлер ұйымдастырып тұрады екен. Олардың ойын жүйесі де жаңарып кеткен, тіпті республикалық турнир өтіп жатқан Карл Поппер форматын ескі дейді. Ірі компаниялардың басшыларына «Кадр іздесеңіздер, пікірсайыс турниріне келіңіздер» деген кеңес беремін. Пікірсайысшылар фактіні қолдауға, ойын тез жинауға, қарсы ой айтуға шебер. Осы турнирден кейін менің түсінгенім пікірсайысқа насихат керек екен. Пікірсайысшы балалардың көбі үш тілді жақсы меңгерген, саясаттан, әдебиеттен, өнерден, тарихтан, барлығынан хабары бар. Өте сапалы мамандар өсіп келе жатыр. Олардың амбициясы жоғары. Мысалы, «Қай жерде жұмыс істегің келеді?» десең, «Біріккен Ұлттар Ұйымында» деп жауап береді. Алысқа қарай алған бала түбінде мақсатына жетеді.

Бақыт Әлібаева, ҚР Білім және ғылым министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының бөлім жетекшісі:

Бақыт Әлібаева
Фото: ҚР БҒМ Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы

Турнирге республиканың 17 аймағынан мектепте, қалада, облыста іріктеуден өткен 119 бала қатысты. Қазіргі балалар демократиялық қоғамдағы мәселені көтергенді, тәуелсіз пікірін ортаға салғанды жақсы көреді. ҚР Президенті 1 наурызды Алғыс айту күні деп жарияланған болатын. Соған орай Білім және ғылым министрлігі «Ризашылық – мейірімділік бұлағы» атты жалпыұлттық мәдени-білім беру жобасын ұйымдастырды. Бұл жобаның аясында үш үлкен республикалық шара өтеді. Біріншісі — мүмкіндігі шектеулі балалар арасындағы онлайн режимдегі «Шексіз шығармашылық» атты республикалық бейнелеу және қолданбалы өнер байқауы. Екіншісі — жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында «Ұшқыр ой алаңы» оқушылардың республикалық дебат турнирі. Үшіншісі — жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдар тәрбиеленушілері арасындағы «Қазақстан — менің алтын бесігім» республикалық балалар фестивалі. Азаматтар қоғам өміріне белсенді араласпаса және белгілі бір тақырыпта пікірталаса алмаса, мемлекетте демократия болмайды. Қазіргі кезде жаңа ақпарат көздерінің пайда болуы мектеп біліміне кедергі келтіріп, дағдылардың, мінез-құлықтың қалыптасуын тежеп келеді. Бейресми әлеуметтік институттардың мүмкіндіктерін пайдалану керек. «Ұшқыр ой алаңы» оқушылардың мәдени-білім беру жалпыұлттық дебат қозғалысы «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» жобасы бойынша әзірленді. Бұл жоба еліміздегі оқушылардың бірыңғай әлеуметтік педагогикалық жүйесі саналатын дебат қозғалысының мүмкіндіктерін кеңейту арқылы білім алушылардың әлеуметтік және өзін-өзі дамыту мәселелерін шешуге бағытталған. Балалардың аталған іс-шараларға қатысуы көркем және сәндік-қолданбалы өнер арқылы олардың тұлғалық ресурстарын, шығармашылық әлеуеттері мен жеке мүмкіндіктерін дамытуға, Қазақстандағы этносаралық келісім мен ұлтаралық татулықты басты тақырып еткен зияткерлік байқаулар мен құрылымдық дискуссияларды насихаттауға ықпал етеді.