Алматыда тарихи білім мен қоғамдық жауапкершілік мәселесі талқыланды

Алматыда «Қоғамдық кеңістіктегі тарихи білім: сапа, кәсіби қоғамдастық этикасы және жауапкершілік» тақырыбында сарапшылар кездесуі өтті.

Кездесуде тарихшылар, сарапшылар мен қоғам белсенділері тарихи ақпараттың сапасы, әлеуметтік желілердегі манипуляция және кәсіби этика тақырыптарын талқылады.

Тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов қазіргі таңда әлеуметтік желілерде тарихи фактілерді бұрмалап, резонанс тудыратын контент көбейіп кеткенін айтты.

«Құйрық-бауыр жеу» дәстүрі арабтардан шыққан», «қазақтың оқығандары өзге жұрттан ғана әйел алған» немесе «зиялылар сатқын болған» деген секілді әңгімелер халық арасында қызу талқыланады. Бірақ оның барлығы – белгілі бір топтардың назар аударту амалы, – деді ол.

Ғалымның пікірінше, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін халық пен тарихшылар арасында тұрақты байланыс орнататын механизм қажет. Ол бұл тұрғыда Орталық коммуникациялар қызметі мен шетелдік тәжірибелерді, мысалы, Ұлыбританиядағы Speakers’ Corner немесе Ресейдегі Валдай клубының жұмысын үлгі ретінде келтірді.

Саялбек Ғиззатов сонымен қатар әлеуметтік желідегі жауапсыз контент үшін заңнаманы күшейтудің маңызын атап өтті.

Демократия қажет, бірақ соның ортасын ұстайтын заңдылық керек. Мысалы, 1990 жылы Франция мен кейін Германия ұлтшылдық пен жалған ақпараттың таралуына қарсы арнайы заң қабылдауға мәжбүр болды, – деді ол.

Кездесуде сарапшылар тарихи білімнің сапасын арттыру мен қоғамдағы ақпараттық мәдениетті дамыту бағытында бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін айтты.