Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Әуезов ауданындағы әлеуметтік нысандардың құрылыс және қайта жаңғырту барысын тексерді.
Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Биыл шілдеде №2 Алматы мемлекеттік педагогикалық колледжінің ғимаратына қосалқы ғимарат салу аяқталуға тиіс еді. Алайда Golden City DS ЖШС шартта белгіленген мерзімге үлгермеді. Осыған байланысты құрылыс басқармасы сотқа талап арыз беріп, міндетіне салғырт қараған мердігер ретінде қатысушылар қатарынан шығару және айыппұл өндіру мәселесін көтерді. Жоба бойынша негізгі ғимаратпен галерея арқылы жалғанатын екі қосалқы нысан салу қарастырылған. Онда мультимедиялық кабинеттері бар оқу корпусы, зертхана, акт және спорт залы, асхана орналасады. Сонымен қатар стадион жаңартылып, футбол алаңы, волейбол және баскетбол алаңдары салынып жатыр, — делінген хабарламада.
Алматы әкімі мерзімді бұзған мердігерлердің қала жобаларына қатыспайтынын, ал жекелеген жағдайда құқық қорғау органдары арқылы жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.
Компания бұл нысанды толық аяқтамайынша, жаңа тендерлерге қатыспайды. Қала құрылысы бақылау басқармасы мәслихат депутаттарымен бірге жұмыстардың сапасы мен қарқынын бақылауға тиіс. Егер заңбұзушылық анықталса, компанияны лицензиясынан айыру қажет. Сіздер нысанды қараша айының соңына дейін тапсырамыз деп уәде бердіңіздер – біз апта сайын тексеріп отырамыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Сонымен қатар қала басшысы «Алтын Бесік» шағынауданында 120 орындық балабақша құрылысының барысымен танысты. Жобаның жүзеге асуы сыртқы инженерлік желілердің трассасын түзету қажеттілігіне байланысты созылып кеткен. Алғашқы жоспар өзгертілді, себебі қазандық ғимараты Төле би көшесіндегі жобаға кедергі келтірді. Нысанның толық аяқталуы осы жылдың қарашасына жоспарланған.
Бұдан бөлек, әкім №10 шағынауданда салынған 160 орындық балабақшаны аралады. Алматы әкімі жауапты басқармаларға мектепке дейінгі мекемені сапалы жабдықтау мәселесіне баса назар аударуды тапсырды. Балабақша барлық қажет құжат дайын болған соң жұмысын бастайды.
